Қоғам тыныштығын күзеткен әулет
Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Жеті атаға дейінгі туысқанын «жақыным» деп құрметтеп, алыс туысын да «қаным» деп бауырына тартқан қазақ үшін отбасы ұлы құндылықтардың бірі саналған. Бүгінгі осы құндылықтарды жаңғырту, ыстық ұяның қадір-қасиетін жете бағалау – басты мәселенің бірі. Осы орайда, Қазақ елі өткен жылдан бері «Отбасы күні» мерекесін дәстүрлі түрде тойлап келеді.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, адам баласының іс-әрекеті де, арман-мақсаты да, тіпті өмірлік бағыты мен мамандығы да өз отбасында қалыптасады. Алып бәйтеректей әке мен отбасының ұйытқысына айналған анаға қарап, өзінің өмірлік жолын айқындап, ата дәстүрін жалғап, дәстүрлі ісін жаңғыртып келе жатқан ізбасарларды көптеп кезіктіруге болады. Ал оған мысалды алыстан іздемей-ақ, облыстық ішкі істер органдарында отбасымен қызмет етіп жүрген, полицейлікті ортақ мамандыққа айналдырған жандарды айта аламыз.
Осындай отбасылардың қатарына бір шаңырақтың өрелі ісін жалғап, ішкі істер органдарында бүгінде үшінші буыны абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Оразовтар әулетін айта аламыз.
Отбасындағы аяулы ата Оспан, өзі өмір бойы еңбек еткен құқық қорғау саласын бағалай білген және балаларын да өз жолын таңдауға үйреткен. Ел үшін от пен суға түсуге әзір жанның ұрпағы жігерсіз болмасы анық.
Ата-ана аманатына адалдық танытып, ата жолын жалғап келе жатқан тәртіп сақшыларының бірі әкесі Серікбек, 1972 жылы политехникалық техникумды бітіріп, 1976 жылы Қарағанды қаласындағы Жоғары милиция мектебін бітірді, сол жылы Қызылорда қалалық Ішкі істер болімнің қылмысты іздестіру бөліміне инспектор лауазымына тағайындалып, осы салада қызметін атқарды. Өмірінің отыз жылын құқық қорғау қызметіне арнап, 1995 жылы майор шенінде құрметті еңбек демалысына шықты.
Әулеттің үлкені – Оразов Қуаныш, ішкі істер органдарында 1996 жылдан бері жұмыс атқарады. Қазіргі таңда департаменттің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы қызметінде. Қуаныш әкенің ізін басып, ішкі істер органдарында қызмет атқарып келе жатқанына жиырма жылдан асты.
Отбасы – ғарышкердің де, полицейдің де, дәрігер мен ұшқыштың да қанатын қатайтып, өмірлік бағыт беретін қара шаңырағы. Одан қазақтың ерік-жігері, күш-қайраты мықты батырлары мен халықтың тыныштығын күзете отырып, әке жолын жалғастырар адал әрі ержүрек ұрпақ тәрбиеленіп шығатыны сөзсіз. Қазақ «атаға қарап, ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» дейді. Себебі, бала әке-шешесінің үлгі-өнегесін көріп өседі. Ал, Отанына адал әрі абыройлы қызмет етіп, ел үшін от пен суға түсуге әзір жанның ұрпағы жігерсіз болмасы анық. Сондықтан, елдегі тұрақтылық пен халық тыныштығын күзеткен, елге қорған болып жүрген отбасында да Қазақ елінің болашақ қорғаушылары, батырлары тәрбиеленіп жатқанына сенім мол. Ішкі істер органдары қызметкерлері қоғамдық қауіпсіздікті күзете жүріп, ізін жалғар, ісін жалғастырар кадр даярлап жатыр деуге әбден болады.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі