Білім саласының басты бағыты айқындалды
Күні кеше ғана Елордамыз Астана қаласында өткізілген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев құрылғанына 20 жыл толған саяси ұйымның 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» атты жаңа бағдарламасы қабылданғанын айтты.
Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған аталған бағдарламаны жүзеге асыруда партияның алатын орыны мен атқаратын міндеттерін айқындап берді. Бағдарламадағы 10 мақсаттың екінші бағытында білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту мен баспанамен қамтамасыз ету мәселелеріне басымдық берілді.
Білім беру саласында үш тілде білім беру, оның ішінде ағылшын тілінде білім беруді кезең-кезеңімен жүзеге асыру, педагог кадрларды даярлау, шетелдерден білікті мамандарды шақырту, заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету, өңірлерде бір жоғары оқу орны мен 10 колледж базасында сұранысқа ие қажетті мамандарды даярлау міндеті қойылды.
Қазіргі таңда, өңірімізде жалпы орта білім беру, техникалық және кәсіптік білім беру саласында игілікті жұмыстар қолға алынып жүзеге асырылуда. Мемлекет Басшысының өңірлерде озық колледждерді қалыптастыру туралы берген тапсырмасы бойынша аймақтың экономикалық дамуына қажетті кадрларды даярлайтын озық 10 колледждің тізбесі анықталанды.
Колледждерді ауыл шаруашылығы, ветринария, құрылыс, техникалық және технология, балық шаруашылығы, темір жол, тау-кен металлургия салалары бойынша дамыту көзделіп отыр.
Сонымен бірге, 10 колледжде осы салалар бойынша құзыреттілік орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүзеге асырылатын болады.
Бекжан ЕСЕНБАЕВ
Қызылорда облыстық білім басқармасының бөлім басшысы