Қызылордада медициналық анықтамалардың үштен бірі күмәнді болып шықты
Қызылордада зерттелген №086 медициналық анықтамалардың үштен бірі күмәнді болып шықты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Қызылорда облысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері ашық талқылауға түсті.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы құрылымдық бөлімшелері ұйымдастырған жаңа форматтағы алқа мәжілісіне құзырлы мемлекеттік органдармен қатар қоғамның белсенді өкілдері, бұқаралық ақпарат құралдары мен блогерлер қатысты.
Сыр өңірінде алғаш рет өткізіліп отырған мұндай форматтағы алқа отырысында қол жеткізілген жетістіктер емес кемшіліктер талқыланды. Жиында азаматтарға қолайлы жағдай жасау, көрсетілетін қызметтерге қолжетімділікті арттыру мен қоғам дертіне айналған сыбайлас жемқорлықты жою проблемасы қозғалды.
Сонымен қатар, басқосуда аса бір қажеттілікті тудырмайтын, бірақ көптеген жағдайларда талап етілетін анықтамалар жайы да сөз болды.
«Қазіргі таңда, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою мақсатында құрылған «Ақмешіт - адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен мекенжай анықтамасы, №083, №086 медициналық анықтамалары және т.б.кейбір анықтамаларға талдау жүргізілуде. Талдау қорытындысымен кейбір анықтамаларды қолданыстан алу жөнінде ұсыныстар беру жоспарлануда. Көп жағдайда бұл құжаттар белгілі бір шешім қабылдауға ешқандай әсер етпейді», - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов.
Мәселен, облыс бойынша 2017 жылы денсаулық сақтау ұйымдарымен 11450 рет №086/е үлгісіндегі медициналық анықтама берілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 2,5 есеге артып, берілген анықтаманың саны 28529 данаға жеткен. Осы анықтаманы жалған әзірлеудің кең көлемді жүйесі дамыған.
«Облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жүргізілген мониторинг нәтижесінде зерттелген 164 дана №086/е медициналық анықтаманың 53-і күмән тудыратын анықтама екендігі анықталған. Нәтижесімен осы факті бойынша процессуалдық шешім қабылдау үшін ішкі істер органдарына жолданып, қазіргі уақытта тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде», - деді.
Одан бөлек, интернет сайттар мен әлеуметтік желілердегі хабарландыруларға жүргізілген мониторинг барысында санитарлық медициналық кітапшаны, құжаттарды дайындап беремін деген хабарландыру бойынша «Жасырын сатып алушы» әдісімен жалған санитарлық кітапшаны әзірлеу фактісі анықталды.
Жалған санитарлық кітапша жасау фактісі бойынша тиісті құжаттар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзырлы органдарға жолданды.