28 ақпан:Атаулы күндер мен оқиғалар
1997 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде «Ана тілі» баспасынан жарық көрген «Елбасы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
2002 жылы Алматыда Орта Азия мемлекеттерінің басшылары Орта Азия ынтымақтастық ұйымын құру туралы келісімге қол қойды.
2007 жылы Алматыда Литваның құрметті консулдығы ашылды. Екі мемлекет арасында дипломатиялық қарым-қатынасы 18 жыл бойы жалғасып келеді.
2008 жылы Алматыда ұстаздардың құқығы мен мүдделерін қорғайтын қоғамдық бірлестік құрылды. Ұстаздар мен билік арасында көпір болу міндетін атқаратын бірлестіктің ұстанған мақсаты - мұғалімдерге құқықтық жағынан кеңес беріп, олардың мәселелерін шешуге ықпал ету. 2009 жылы М.Әуезов атындағы мұражай-үйде 2006-2008 жж. шығарылған өнертану бойынша 27 кітаптың тұсау кесер рәсімі болып өтті. Бұл еңбектер - «Мәдени мұра» бағдарламасына ғылыми-зерттеу жобасына кірген және мемлекеттік және халықаралық мәжілістердің мәліметтері. Институт ғалымдары дайындаған еңбектердің ішінде - 5 томдық «Қазақ музыкасы», 3 томдық қазақ тіліндегі «Қазақ өнерінің тарихы» бар.
2009 жылы Алматыда үйлерді жалға беру жобасы таныстырылды. Бұндағы мақсат Астана мен Алматы қалаларындағы тұрғын үй нарығын тұрақтандыру. Қор бірінші бағыт бойынша екінші деңгейлі банктердің қатысуымен Алматы мен Астанадағы тұрғын үйлердің құрылысының аяқталуын қамтамасыз етіп, тұрғындарға сатып алу мақсатымен жалға береді.
2010 жылы Қазақстан Республикасының кәсіби одақтар федерациясында «Әлеуметтік серіктестік бойынша үш жақты келісім» кітабының таныстырылымы өтті.
2013 жылы Қазақстан Басқару комитетінің отырысына Еуразиялық бәсекелестікке қабілеттілік бағдарламасының Орталық-Азиялық бастамасының тең төрағасы дәрежесінде тұңғыш рет қатысты. Аймақтағы жеті ел (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Ауғанстан және Моңғолия) кіретін бағдарлама аймақтың экономикалық дамуына септесуге, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
2013 жылы Астанада коллекционерлерге арналған «Абай» эксклюзивті кітабының таныстырылымы өтті. Ол небәрі 20 данамен шығарылған. Әр беті күмістен ұлттық оюлармен өрнектеліп, таза теріден жасалған.
2013 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков ҚР-дағы Латвия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Юрис Маклаковспен кездесуі өтті.