Полиция бөлімдерінде «Электронды қылмыстық іс» жүйесінде анықталған техникалық ақаулар жойылды
«Цифрлық Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында 15 ақпанда өткен жұмыс кездесудің қорытындысымен жасалған меморандум негізінде, Қызылорда облысы Полиция департаментінің, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының және «Қазақтелеком» АҚ-ның ОӨТД-ның Қызылорда жергілікті желілер техникалық торабының қызметкерлерінен жасақталған ведомствоаралық жұмыс тобы 19 ақпанда іссапармен Қызылорда облысының Полиция департаментіне қарасты Сырдария және Жалағаш аудандарының Полиция бөлімдерінде болды.
Ведомствоаралық жұмыс тобын Қызылорда ОПД бастығының орынбасары Байжан Байгелді, Қызылорда облысы прокурорының орынбасары Талғат Әлібаев, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бастығы Өркен Сейтов және «Қазақтелеком» АҚ-ның ОӨТД-ның Қызылорда жергілікті желілер техникалық торабы директорының орынбасары Самат Серікбаев басқарып барып, аталған полиция құрылымдарындағы «Электронды қылмыстық іс» жобасы бойынша нақты атқарылған жұмыстармен және техникалық жабдықтармен қамту жағдайымен танысты.
Сонымен қатар, жұмыс тобы және оларды басқарып келген басшылық Сырдария және Жалағаш аудандарының Полиция бөлімдерінде электронды форматта сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізіп отырған полиция қызметкерлерімен кездесу өткізіп, тергеуді электронды форматта жүргізу кезінде туындаған мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырды.
Жұмыс тобының іссапары нәтижесінде Сырдария және Жалағаш аудандарының Полиция бөлімдерінде «Электронды қылмыстық іс» жүйесінде анықталған техникалық ақаулар жойылып, жүйенің жылдамдығын арттыру бағытында атқарылуы тиіс шаралар белгіленді.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі