Көпбалалы отбасылардың жағдайы біршама жақсарып қалады
Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде Елбасы көптен бері қоғам назарында тұрған, көптің талқылауына түскен түйткілді мәселенің түйінін тарқатқандай болды. Яғни, көпбалалы отбасылардың жәрдемақысы көбейіп, әр балаға 21 мың теңге өсті. Осы орайда ерекше атап өтер жайт, Елбасы мемлекет тарапынан бөлінетін жәрдемақы отбасындағы әрбір жанға жету керектігін қатаң бақылауда ұстайтынын айтты. Бұл көпбалалы аналардың көптен бергі көкейтесті мәселелері билік басындағыларға жетті деген сөз. Бүгінгі жиын елімізде көпбалалы аналардың мұң-мұқтажына биліктегілер бей-жай қарамайтындығын көрсетті.
Бұл қуанышты жағдай деп айтуға толық негіз бар. Бұл мәселе түбегейлі шешімін таппағанымен, көпбалалы отбасылардың жағдайы біршама жақсарып қалады деген ойдамын. Енді аналар құндақтағы балаларын үйге тастап, жұмыс істеуге мәжбүр болмайды деп ойлаймын. Себебі бұл жәрдемақы біздің жыртығымызды түгел жамамасада, бір кәдемізге жарары анық. Сондай-ақ бұл көмек аналар көңілінің тынышталуына сеп болады деген ойдамын. Егер ананың жағдайы жақсы болса, онда баланың да жағдайы жақсы болып, келешек ұрпағымыздың денсаулығы мықты болады деген сөз.
Нұргүл Құранова,
Қызылорда қаласы, көпбалалы ана