Көңілге демеу боларлық жаңалық көп
Жетекші партия съезінде Елбасының айтқан сөздерін естіп, үй ішімізбен қуанып қалдық. Әсіресе, мен сияқты көпбалалы аналардың көңіліне демеу боларлық жаңалық көп болды.
Үкіметке атаулы көмек алып отырған көпбалалы отбасылар үшін әрбір балаға берілетін жәрдемақыны 21 мың теңгеге дейін арттыру, 2-3 пайызбен баспана сатып алуға және толық емес көпбалалы отбасыларға үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беру жөніндегі міндеттер жүктелгеніне бір марқайып қалдық.
«Бұл санаттағы азаматтарға Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы жылдық 2-3 пайызбен тұрғын үй заемын беру жеңілдіктері тетіктерін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қаражат қажет болады және оған жыл сайын 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын», – деді Елбасы.
Осылайша баспана мәселесі бас ауруына айналған талай отбасының мәселесі шешімін тауып жатса, оған тек «бәрекелді» дейміз. Ал жайлы қоныс, жақсы өмір барда елімізде демографиялық жағдай да түзеледі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын жаңадан жасақталған Үкімет тиянақты орындайды деп сенім артамыз.
Жанар Құрманбаева,
Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана