27 ақпан күнгі ауа райы болжамы
27 ақпан күні атмосфералық фронтардың өтуіне байланысты еліміздің басым өңірінде құбылмалы күн райы сақталады. Кей жерлерде жауын-шашын жауады. Республиканың оңтүстік-шығысында ғана сәрсенбі жауын-шашынсыз өтеді. Жекелеген жерлерде тұман, көктайғақ, бұрқасын, екпінді жел болжанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидромет» РМК-ның мәліметіне сәйкес, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарының кей жерлерінде бұрқасын, көктайғақ, тұман күтіледі. Желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді. Шығыс Қаазақстан облысының Жарма ауданында желдің күші 25 м/с жетеді.
Түнде және таңертең Алматы облысының кей жерлерінде тұман болады, Жалаңашкөл ауданында желдің күші 17-22, екпіні 25 м/с артуы ықтимал.
Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының кей жерлерінде бұрқасын болады. Павлодар облысында желдің екпіні 15-20 м/с күшейеді. Солтүстік Қазақстан облысының кей жерлерінде тұман күтіледі.
Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман, көктайғақ болады. Жамбыл облысында желдің күші 15-20 м/с күшейетіні болжанады.
Түркістан, Ақтөбе облыстарының кей жерлерінде тұман болады.