Нашар ұлт болмайды, жаман әдеттерге бойын үйреткен адамдар болады
Депортацияға ұшыраған қаншама ұлттар мен ұлыстар қазақ еліне мәжбүрлеп қоныстандырылды. Баспанасыз, ішер асқа, киер киімге зар болды. Қазақтар барымен бөлісті, мейірбандық пен қайырымдылық танытып, олардың көз жастарын сүртті. Міне, қазақ елі жаттығы жоқ, кеңпейіл, дархан көңілді жұрт екендігін танытты, мемлекетімізде халықтар достығы көрініс тапты. Еліміздің тұтастығына, бірлігіне қызмет етті.
Халықтар Ассамблеясы «Қазақтану» бағдарламасымен Қазақстанның 4 облысында лекторийлар өткізді. Соның екі облысында (Қызылорда мен Атырау) «Қазақы дүниетаным және ұрпақ тәрбиесі» деген тақырыпта баяндамалар жасадым. Халықтар Ассамблеясының атқарып отырған осы шарасы «Рухани жаңғыру» мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалалар аясындағы ауқымды, еліміздегі тұрақтылықты, татулықты орнықтыруға қызмет еткен игі шара болды деп ойлаймын. Ассамблеяның ұйымдастыруымен «Ар, Ұят, Намыс» деген ұлы қасиеттерді қастерлеген қазақтарға өзге ұлттардың ілтипаты және құрметі айшықталды.
Нашар ұлт болмайды, жаман әдеттерге бойын үйреткен жаман адамдар болады. Көзқарасымызды түзейік. Өзге ұлттардың қазақтарға ризалығын қабылдай отырып, алғыстарына ықылас танытайық. Алғыс айту, ризалық білдіру – мінездің көркемдігінен. Көркем мінезділер – сауап арқалаған Құдайдың құлдары.
Аңсат СӘБИ
Қоғамдық кеңесінің мүшесі