Кәсіпкер нәрестенің еміне қаржылай көмек көрсетті
«Нұр Отан» партиясының «Жақсылық жаса», «Наурыз Challenge» акциясына Қызылордалық нұротандықтар да белсене атсалысуда, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz партияның облыстық филиалы баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акция бастау алған күнен бастап өңірде 10 астам көп балалы отбасыларға түрлі әлеуметтік көмектер көрсетілді. Қайырымдылық шарасын жеке кәсіпкер, меценат, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі Нұрболат Ибраев жалғастырды. Ол 1,5 айлық нәрестенің еміне қаржылай көмек көрсетті.
Нақты айтар болсақ, 15 ақпан күні партия филиалының қабылдауына Алия Бекбауова есімді азаматша 1,5 айлық сәбиінің еміне қаржылай көмек сұрап келген болатын.Ол өз өтінішінде 4 бала тәрбиелеп отырған жалғыз басты ана екендігін және қаңтар айында босанған сәбиінің арқасында грыжа барын жазып, оны Астана қаласына апарып ота жасату үшін жол шығындарына қаражат таппай қиналып отырғандығын айтқан. Осындай қиын сәтте жалғыз басты анаға Нұрболаттың қаржылық қолдауы үлкен көмек болды, әрі нәрестенің сырқатына ота жасауға мүмкіндік туғызды.
«Тағдыр әрбір адамға түрлі сынағын береді. Сондықтан жабырқағанның жанынан табылып, мұқтаждың мұңын тыңдап, көмек қажет еткен жанға қолдау көрсетуді мен де қоғамның бір мүшесі ретінде азаматтық парызым деп санаймын. Мына кішкене бүлдіршіннің еміне көмегім тиіп, шипасы болып жатса менің бір арман – мақсатымның орындалғаны деп білемін және аналар, балалар ауырмасын, жыламасын деп тілеймін», – деді кәсіпкер.