Қармақшыда балалар технопаркі ашылды
Қармақшы аудандық оқушылар үйінде балалар технопарктерінің ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Аталған шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Меңлібаев, «Нұр Отан» партиясы Қармақшы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дастан Буханов, аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқынбек Омаров және БАҚ өкілдері қатысты.Құрметті қонақтар балалар технопарктерін қалыптастырудың бастамасы ретінде ашылған «Робототехника» үйірмесінің жұмыстарымен танысты.
Қажетті инфрақұрылымдары бар 3D кабинеттерінің бүгінде оқушыларға қолжетімді. Техникалық бағыттағы әр үйірмеге 36 оқушы қатысып, барлығы 108 оқушы қосымша білім алады.
Сонымен қатар шараға келген қонақтар аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен өткізілген «ROBOLAND-2019» байқауына қатысып, робототехника саласында инновациялық технологияларды қолданған дарынды оқушылардың жұмыстарын көрді.