25 ақпан: Атаулы күндер мен оқиғалар
1994 жылы Қазақстан Республикасы мен Камбоджа Корольдігі арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас орнады.
1999 жылы Қазақстанда тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы халық санағы басталды. Санақ наурыздың 4-іне дейін жалғасты. Мемлекет аумағы 1 463 санақ бөлімдеріне бөлінді. Санақ қорытындысы бойынша Қазақстанда 15 673 400 адам тұрады. 2009 жылғы ақпанның 25-інен наурыздың 6-на дейінгі аралықта екінші халық санағы өтеді.
1994 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «1994 жылы ауылшаруашылық кәсіпорындарына көмек көрсету туралы» Жарлығы мен «Д.А.Қонаевтың есімін мәңгі есте қалдыру туралы» Қаулысы жарияланды. Мәуліт-ан-Наби - Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні. Рәбиуль-Аууаль айының 12-ші күнінде атап өтіледі. Мұхаммед пайғамбар - Алла тағаланың елшiсi әрi пайғамбарлардың ең мәртебелiсi және соңғысы. Әкесiнiң аты Абдуллаһ милади жыл санауымен 571 ж. сәуiр айының 20 күнiне сәйкес келетiн 12 рабиал-әууалда дүйсенбi күнi түнде Меккеде дүниеге келдi. Әкесi ол тумай тұрып қайтыс болған едi. Алты жасында анасынан, сегiз жасында атасынан айрылды. Кейiн әкесінің інісі Әбу Талибтың қолында өстi. 25 жасында Хадишаға үйлендi. Одан төрт қыз, екi ұлы болды. Мәулiт - араб сөзі, сөздік жағынан алғанда, қазақшасы «туған күн» - деген мағына бередi. Бұл Алла тағаланың ең сүйiктi пендесi, Пайғамбарымыз хазреті Мұхаммедтiң (с.ғ.с.) дүниеге келген айына атау етiп қойылған. Барлық мақтау-мадақтау, «Мәуліт оқу» Пайғамбарымыз Мұхаммедке арналған. Қазір мәуліт Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ұйымдастыруымен бүкіл елімізде тойлануда. 2000 жылдан бастап ол белсендірек өткізілуде. Мәуліт әуелі мешіттерде оқылады, сонан соң көпшіліктің қатысуымен аудандық, облыстық, республикалық деңгейде атап өтіледі. Қасиетті мәуліт тура бір айға созылады.
2005 жылы Қызылордада Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталатын Мәдениет орталығында ақынның бір ғасырлық мерейтойына арналып, «Дария сыры-ақын жыры» деген атаумен облыстық ақындар айтысы өткізілді. Ақиық ақын, сатира сарбазы, өткір публицист Асқар Тоқмағамбетовтің туғанына 100 жыл толу мерейтойына арналған айтысқа аймақтың 20-дан астам суырып салма ақындары қатысып, Сырдың атақты перзентінің қазақ әдебиеті мен өнеріндегі алатын орны мен беделін айшықты тіл, орамды жыр шумақтарымен кестеледі. Ақындар айтысы әділ қазылар алқасының мүшесі ақын Әскербек Рахымбековтің айтуынша, негізінен жас ақындардың жаңа толқыны қатысқан қызу да қызықты өткен айтыстың бас жүлдесін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Еркін Садықұлы жеңіп алды. Ал, бірінші бәйге Жастар одағы силығының лауреаты Зухра Төлеповаға тисе, екінші орынды студент Нұрмат Мансұров пен белгілі айтыскер Кенжебай Жүсіпов, үшінші орынды аралдық Дархан Оразымбетов пен қызылордалық Айдос Рахметовтер бөлісті. Айтыскер ақындарды Асқар Тоқмағамбетовтің қызы Аякөз Тоқмағамбетова құттықтап, оларға алғыс айтты.
2010 жылы Талғат Мұсабаев Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясы академигі ғылыми атағына және Халықаралық ғарышкерлікке қолдау көрсету қоғамдық қайырымдылық қорының «Ғарышкерлікке сіңірген еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Халық Қаһарманы, Ресей Батыры, ұшқыш-ғарышкер, авиация генерал-лейтенанты, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының толық мүшесі» дипломын, Ресей жаратылыс ғылымдары академиясының академигі куәлігін және Ресей ғалымы В.И.Вернадский бейнесі белгіленген алтын кеуде белгісін тапсыру рәсімі 2010 жылғы ақпанның 25-інде Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының халықаралық конференциясының аясында өтті.
Сонымен қатар, Талғат Мұсабаев «Ғарышкерлікке сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапатталды.