Қызылорда облысында туу көрсеткіші 9 пайызға төмендеген
Қызылордада туу көрсеткіші 9 пайызға төмендеген, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.
Арал теңізінің тартылып, табаны құрғауы Қызылорда облысы халқының табиғи өсіміне кері әсер етіп отыр. Экологиялық алапат апаттың салдары бұл ғана емес. Қан айналымының бұзылуынан түрлі дертке шалдығып, қатерлі ісікпен ауыратындар да көбейіп барады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен отырыста мәлім болды. Оған қатысушылар аймақта әйелдердің жүктілік мерзімін ұзарту мәселесін көтерді.
Айта кетейік, өткен ғасырда тұтас одақтағы экономикалық өсімнің қайнар көзі болған теңіздің қазір тек Қазақстанға тиесілі азғантай бөлігі қалған. Соның арқасында өңір халқының тұрмыс жағдайы сәл де болса түзеліп келеді. Дегенмен проблема шаш етектен. Әсіресе теңіз табанындағы тұздың зардабы орасан.
«Арал өңірінің экономикасына солтүстік Аралдың қалпына келтірілуіне байланысты оң өзгерістердің байқалып отырғаны сөзсіз. Осыған қарамастан әлі де шешімін таппай отырған проблемалар баршылық. Бүгінгі жиынымыз Аралдың экономикалық хал ахуалына, оны шешу жолдарын іздестіруді көздеп отыр. Теңіздің тартылуы біздің ғана проблемамыз емес. Бұл Арал теңізінің бассейнінде орналасқан елдердің ортақ проблемасы», - дейді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских.
«Бірінші босануға дейінгі және босанудан кейінгі жүктілік демалысы мерзімін ұзарту. Статистикаға сүйенсек, аймақтағы жүкті әйелдердің 99 пайызы белгілі экстрогендік сырқаттары бар. Сонымен қатар өлі туылуы мен босанудан кейінгі асқыну тұрақты түрде сақталуда. Жалпы, облыста нәресте өлімінің 17,5 пайызға төмендегеніне қарамастан республикалық көрсеткіште жоғары болып отыр. Екінші ұсыныс – Аралдағы экологияның салдарынан аурулардың түрлерін анықтау», - дейді Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов.