Электронды кітапханаларды жасақтау мәселелері талқыланды
Қызылордада «Мирас» аймақтық кеңесінің мүшелері аймақтық-электронды кітапханаларды жасақтау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Нұр Отан» партиясы өскелең ұрпақтың рухани, интелектуалдық өсуіне қажетті мүмкіндіктер жасау мақсатында кітапханаларды білім беру орталықтарына айналдыру үшін «Bilim Ortalygy» жобасын, сонымен бірге, Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ұлттық аударма бюросы» Қоғамдық қорымен Kitap.kz - «Қазақстанның ашық кітапханасы» жобасын жүзеге асыруда. Аталған жоблар Сыр өңірінде де қарқынды жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, «Bilim Ortalygy» партиялық жобасы аясында өңірде 12 коворкинг орталықтары ашылып, интернет желісі, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Биыл аудан орталықтары мен ірі елді мекендерде тағы 17 коворкинг ашу жоспарланып отыр. Жиын барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директоры Нұржамал Мырзамұратова жоба аясында кітапханадағы атқарылған жұмыстарды атап өтті.
«Бүгінде кітапхана 31000-нан астам оқырманға қызмет көрсетеді, оның ішінде 11500-нан астамы 14-29 жас аралығындағы жастар. Кітап қоры 414533 дананы құрайды. «Bilim Ortalygy» партиялық жобасы аясында кітапханада түрлі акциялар, сайыстар, әдеби оқулар, тренингтер, онлайн-конференциялар, әдеби кештер, ақпараттық-танымдық кештер, кітап көрмелері және басқа да көптеген шаралар ұйымдастырылуда.Ақпарат пен электронды ресурстардың да қоры мол. Өткен жылы кітап қоры 4068 дана жаңа кітаптармен толықты. Бір сөзбен айтқанда кітапхана дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай білім орталығы ретінде қызмет көрсетуде», – деді Нұржамал Мырзамұратова.
Жиын барысында кеңес мүшелері құжаттарды цифрлы форматқа көшіру, соның ішінде кітапхана қорларын цифрландыру, қор сақталымын қамтамасыз ету, оны жетілдіру, қорға қолжетімдікті арттыру мақсатындағы атқарылып жатқан жұмыстарға ден қойды.
Айт кетеу керек ағымдағы жылдың 27 ақпанына дейін Сыр өңірінен 100 кітаптың электронды нұсқасын дайындап, Ұлттық аударма бюросына жолдау жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыстар Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана базасында жүргізіліп отырғандықтан кәтапхана директоры егжей-тегжейлі баянадап өтті.
«Цифрлық форматқа бірінші кезекте өлкетану басылымдары, сирек кітаптар мен газеттер көшіріліп жатыр. Облыстық кітапхана өткен ғасырда басылған «Путь Ленина» және «Ленин жолы» өңірлік басылымдары цифрлық форматқа көшіру жұмыстарын жүргізуде. Қазіргі таңда өлкетану бағытындағы 6617 кітап цифрлы форматқа көшірілді. Ал, Ұлттық аударма бюросына жолдануға тиісті 100 кітаптың бүгінгі күні 80-ні аударылып, Word, PDF нұсқалары жолданды. Аталған жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», – деді Нұржамал Мырзамұратова.
Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, «Мирас» аймақтың кеңесінің төрағасы Ибадулла Құттықожаев бұл жұмыстар елімізді әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына жедел кіруіне ықпал ететін атап өтіп, әлемдік стандарттарға негізделген инфрақұрылым құруда бірлесіп жұмыс жасуға сенім білдірді.