22 ақпан: Оқиғалар мен атаулы күндер
1996 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Алматы облысы аумағында Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық паркі ұйымдастырылды. Парк Шамалған өзенінен Түрген өзеніне дейін созылып жатыр. Қарасай, Талғар, Еңбекшіқазақ аудандарының аумағында орналасқан. Паркте өсімдіктің 1200-ден аса түрі өседі. Оның 36-сы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген. Омыртқасыздардың 1500, омыртқалы жануарлардың 213 түрі тіршілік етеді. Соның ішінде сүтқоректілердің 47, бауырымен жорғалаушылардың 8, қосмекенділердің 2, балықтың 8, құстың 148 түрі бар. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген сүтқоректілерден: Орта Азия тас сусары, барыс, сілеусін, Тянь Шань арқары, үнді жайрасы, сабаншы тіршілік етеді. Құстардан: бүркіт, сақалтай, жұртшы, ителгі, құмай, бидайық, орақтұмсық; балықтан: патшабалық (бақтақ) бар.
1999 жылы Қазақстанда «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының құрылғанына 10 жыл толуы аталып өтті. 1991 жылы тамыздың 29-ында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Бұл әлемдегі ядролық қарусыздану жолындағы алғашқы нақты қадам еді.
2005 жылы Қазақстанда жаңа аймақтық қоғамдық бірлестік - Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіптік одағы құрылды. Одақты құру туралы шешім ақпанның 22-сінде Атырауда өткен кәсіподақтық конференцияда қабылданды. Жаңа кәсіподақ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен және мұнай саласында жұмыс істейтін басқа да республикалық шаруашылық құрылымдармен, атқарушы өкімет органдарымен өзара іс-қимылды басымдықты мәселе ретінде қарастырып, олармен тарифтік келісім жасады. Жаңа бірлестіктің қызметі Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қазақстанның басқа да облыстарындағы мұнай-газ кәсіпорындарының кәсіподақ ұйымдарын қамтиды.
2005 жылы Петропавлдағы Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада «Қазақ мәдени-ағартушылық «Ұрпақ» орталығының тұсаукесер рәсімі өтті. Орталықтың ұйымдастырушылары мен белсенділері арасында - тарихшылар, өлкетанушылар, Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет және білім қызметкерлері. «Ұрпақ» орталығы қызметінің басты бағыттары, салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, өсіп келе жатқан ұрпаққа патриоттық сезіммен тәрбиелеу.
2007 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің хатшылығы туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2006 жылы Астанада Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен әйелдердің бірінші Еуразиялық саммиті өтті. Оған АҚШ, Норвегия, Германия, Испания, Болгария, Оңтүстік Африка Республикасы, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан сияқты әлемнің 20-дан астам елдерінің қоғамдық, саяси және сауда ұйымдарының 400-ге жуық жетекшілері мен өкілдері қатысты Жиында әйелдердің қоғамдағы саяси мәселелерге ықпалы, жаһандану процесіндегі әйелдердің экономикалық мүмкіндіктері, әйелдер мен отбасының әлеуметтік мәртебесі сияқты бірқатар маңызды мәселелер талқыланған.