«Сыбаға» бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға серпін береді
Қазалы ауданында «Сыбаға» бағдарламасы бойынша несие алудың талаптары мен қағидаларына түсіндіру жөніндегі мәжіліс болып өтті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Сыбаға» бағдарламасындағы өзгерістерді түсіндіру мақсатында ауданға арнайы жұмысшы тобы келді.
Жұмысшы топтың құрамында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы орталық аппараты несие департаменті, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамыту бөлімінің және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда облыстық филиалы несие бөлімінің мамандары бар. Олар мәжілісте кент, қала, ауылдық округ әкімдері мен шаруа қожалық жетекшілеріне «Сыбаға» бағдарламасының оңтайлы бағыттары мен тиімді тұстарын түсіндірді.
Айта кету керек, өткен жылы «Сыбаға» бағдарламасы арқылы Бірлік ауылдық округінен «Шәкизада», Басықара ауылдық округінен «Бақыт» шаруа қожалықтары несие алып, мүйізді ірі қара малын алған.
Ауданда мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасынан өз сыбағасын алып қалуды көздейтін шаруа қожалықтары жетерлік. Сондықтан берері мол бағдарламаның игілігін көретін күн де алыс емес.