Қызылордада тасқынға байланысты дайындық жүруде
Санаулы күндерден соң көктем келіп, қыстай қатқан дария суы еріп, сең жүретіні белгілі. Осы уақыт Сыр өңірі үшін қауіпті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Сырдарияның деңгейі «Шардарадағы» су көлеміне тікелей қатысты екені белгілі. Бүгінгі күні аталған су қоймасында 4,4 миллиард текше мерт су жиналып, төмен қарай секундына 700 текше метр су түсуде. Оның тең жартысы «Көксарай» су реттегішіне алынады.
Ал Қызылорда облысы аумағына секундына 390 текше метр су келіп жатыр. Мамандар бұл көлем 750 текше метрден асқанда ғана шектік деңгей болып есептелетінін айтады. Дегенмен өзеннің солтүстік бөлігінде мұз ұстасқан. Ал көктемде сең қозғалса, бөгеттердің беріктігі керек. Сондықтан су жайылуы мүмкін 56 аумақ анықталып, оған 111 жауапты мекеме бекітілген. Тасқынға қарсы жұмылдырылатын 434 техника дайын тұр. 79 эвакуциялық, 99 қабылдау бекеті бар.
«Қазіргі кезде жоғарыдан келетін су көлемін қауіпті жағдайға асырмауға байланысты Су ресурстар комитетімен келісіп «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішнен босатылатын су көлемі кестесі бекітілді. Облысқа артық келген суды алу мақсатында магистральдық каналдар мен көл жүйелері әзірленді. Сонымен қатар су тасқынына қарсы жұмсалатын инерттік материалдарымыздың барлығы толық дайындыққа келтірілген. Қазіргі таңда Арал ауданының Аманөткел елді мекенінде 758 метрді құрайтын қорғаныс бөгетін, Қазалы ауданының Абай елді мекеніндегі 3 шақырымға жуық қорғаныс бөгетін, Жалағаш ауданындағы және қала аумағындағы «Лесхоз» қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстарын жүргізуде», - дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов.
Жалпы биыл өңірде жауын-шашын мөлшері жақсы. «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішіне жиналған су көлемі де өткен жылғыдан 1 миллиард текше метрге артық болады деп күтіліп отыр. Демек өткен жылғыдай емес, биыл Сыр диқандары судан тапшылық көрмейді деуге негіз бар.