«Тәтті» кітаптар фестивалі өтті
Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде тұңғыш рет «Tasty books» фестивалі өткізілді. Оқушылар оқыған сүйікті кітаптарды бейнелейтін кондитерлік өнімдерді әзірлеуден өзара сайысты.
Жасөспірімдердің кітап оқуға қызығушылығын арттыру мақсатында ұйымдастырылған ерекше шараға мектептің 14 шаңырағы қатысты. Командалар тәттілерден сүйікті кітап мұқабасы мен кейіпкерлерін жасаудан сайысқа түсті. Кондитерлік өнімдерде Экзюперидің «Маленький принц», Гогольдің «Ночь перед рождеством» және Нәжімеденовтың «Менің Қазақстаным» секілді шығармалары мен «Гарри Поттер» мен «Золушка» кейіпкерлері көрініс тапты.
«Сайыстың шарттары бойынша «тәтті» кітаптардың креативтілігі мен тақырыпқа сай келуі ерекше бағаланды. Қатысушы топтар командалық жұмыста кулинария мәдениетін сақтай отырып өте әдемі кітап- торттарын әзірлеп, шығармалардың мазмұнын жеткізе білді», – деді мектептің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Ақбота Жұмабаева.
«Tasty books» фестивалі мектептің «100 кітап» жобасы аясында өткізілді. «Тәттілерді әзірлеуге бізге ата-аналар көмектесті. Біз оқырмандар арасында ерекше қызығушылыққа ие, Гарри Потер кейіпкері бейнеленген торт әзірледік. Сыйластық, адалдық, кешірімді болу сынды құндылықтар көрініс тапқан бұл шығарманы оқуға өзгелерге кеңес бердік», – деп бөлісті 8-сынып оқушысы Әйгерім Серікбай.
Фестиваль қорытындысы бойынша «Алтын Орда» шаңырағы бірінші орынды, «Жібек Жолы» шаңырағы мен «Сырдария» шаңырағы екінші орынды, «Номад», «Әйтеке би», «Әл-Фараби» шаңырақтары үшінші орынды иеленді.