Көлік қозғалысын заңсыз реттеген қызылордалық азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды
Қызылордада көше қиылысында көлік қозғалысын заңсыз реттеумен айналысқан азаматқа әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл оқиға облыс орталығындағы Жібек жолы мен Сұлтан Бейбарыс көшелері қиылысында орын алған. Бағдаршам уақытша істемей қалған соң бір азамат көше қиылысындағы көлік қозғалысын заңсыз реттеумен айналысқан.
Оқиға бойынша Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі түсінік берді.
«Көше қиылысына жаяу жүргіншіге шығуға тыйым салынады. Өйткені, ол өзінің қауіпсіздігімен қатар көлік құралдарының көше қиылысынан өтуіне қауіп туғызады. Аталмыш оқиға бойынша бағдаршамның жұмыс істемеу туралы хабарлама тіркелген уақытта патрульді полиция бекеті жіберілді. Уақтылы аталған көше қиылысына реттеуші қойылды. Бағдаршамның жұмыс істемеуі және көше бойынша кептеліс болған кезде тиісті орындарға хабарласуы тиіс», - делінген полиция департаментінің берген түсініктемесінде.