«Бұл «Арал-АС» командасының соңғы ойыны» – Төребек Дәрмағамбетов
Арал ауданының әзілкештерінен құралған «Арал-АС» командасы атыраулық «Сағыз» командасынан басым түсті, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Жуырда Астана қаласында өткен белгілі актер Тұрсынбек Қабатов жетекшілік ететін "Көңілді тапқырлар алаңы" жобасының Супер кубогы сарапқа салынған болатын. Аталған кубокты иелену үшін "Арал-АС" және "Сағыз" командалары сайысқа түсті. Нәтижесінде, Арал ауданының мақтаныштарына айналған "Арал-АС" командасы супер кубокты жеңіп алды.
«Біз бұған дейін КТА жобасында 2016-2017 жылдардың жеңімпаздары ретінде «Назар аудар» командасымен ойнағанбыз. Ол кезде кубокты «Назар аудар» алды. Биыл міне екінші мәрте шығып, КТА жобасында 2018 жылы чемпион болған «Сағыз» командасымен сайысқа түстік. Бұл біздің «Көңілді тапқырлар алаңындағы» соңғы ойынымыз. «Арал-АС» командасының жігіттері ақылдасып, сондай шешімге келдік. Себебі мұндағы жігіттердің өз жұмыстары бар. Олар қазірде отандық телеарналардың бағдарламаларында бой көрсетіп жүр. Ақылбек Скендіров Ұлттық арнадағы «Қайырлы кеш» бағдарламасына қатысып жатыр. Ал, Ғалым Махамбетов 7 арнадағы «Әкесінің баласы» жобасының кейіпкерлері. Сонымен қатар, Данияр Бекжанов «Назар аудар» театрында жұмыс істейді. Өзім Арал аудандық оқушылар үйінде әдіскермін. Шәкірт тәрбиелеуге үлесімізді қосып жүрген жайымыз бар», - дейді команданың жетекшісі Төребек Дәрмағамбетов.
Айта кетейік, «Арал-АС» командасының құрылғанына 12 жыл болды. Алғаш рет «Сыр елі» орталық лигасының чемпионы атанып, республика деңгейінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Команда әр жылдары жоғары лиганың чемпионы, «Чемпиондардың чемпионы» кубогын алып, 2016 жылы «Көңілді тапқырлар алаңының» жеңімпаздары атанды. Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері мен Астана, Өскемен, Екібастұз қалалары әкімдерінің арнайы кубоктарын жеңіп алған. Команданың барлық мүшелері «Үздік ойыншы» номинациясының иегерлері.