Қызылорда облысында көктайғақта жолда қалған 267 адам құтқарылды
Қызылордада көктайғақа жолда қалған 267 адам құтқарылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қызылорда облысында ауа-райының қолайсыздығына байланысты республикалық маңызы бар «Шымкент-Самара» тасжолының Қызылорда қаласы мен Қармақшы ауданының Төретам елді мекеніне дейін жолдың жабылған болатын. Алайда, көктайғақ салдарынан жолда қалып қойған жолаушылар болды. Шымкент қаласынан Ресейге бет алған «Сетра» маркалы автобус жолаушылары төтенше жағдайлар, полиция қызметкерлерінің жұмыс атқаруы нәтижесінде мұз құрсауынан құтқарылды.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің мәліметінше, осындай шаралардың нәтижесінде барлығы 122 көлік қауіпсіз жерлерге шығарылып, 267 адам құтқарылған.
«Соған қарамастан жол бойында төтенше жағдайлар орын алды. Бұл оқиға Қармақшы ауданының тұсында болды. Шымкент қаласынан Ақтөбеге бет алған «Chevrolet Cruze» маркалы автокөлігі жолдан шығып кеткен. Полиция қызметкерлері және басқа да сала мамандары тарапынан аталмыш автокөлік иесі тиісті көмек көрсетілді. Сондай-ақ, техникалық ақау салдарынан жол бойында тұрып қалған екі автокөлік жүргізушісі мен жолаушыларына алғашқы жәрдем жасалды. Олар жақын маңдағы елді мекендерге жеткізілді», - деп хабарлайды Қызылорда облыстық полиция департаменті мамандары.
Осындай жауапты сәтте Қызылорда облыстық патрульдік-полиция ротасының полиция қызметкерлері Дархан Алматов, Досбол Досымов, Нұржан Календаров, Мақсат Жеңісбеков, Азамат Байсалов және Руслан Дәулетбаев белсенді қимылдарымен көзге түсті.
Қазіргі таңда Сыр өңірінде республикалық маңызы бар жолдар бойында сервис нысандарының қатары көбейіп келеді. Ауа-райының қолайсыздығы туындаған жағдайда олар жолаушыларға көмек көрсетуге үлкен септігін тигізуде.