Сырбойылық кәсіпкердің арызы қанағаттандырылды
Қармақшы аудандық индустриалды аймағына темір балқыту цехын салған сырбойылық кәсіпкер Қайрат Бердібаев электр энергиясы жеткізілмегендіктен, 2 жылдан бері өнім шығаруды бастай алмай жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Электр тоғы болғанда қазір мұнда тіршілік қайнап жатуы тиіс еді деп бастады әңгімесін қармақшылық кәсіпкер. 121 миллион теңгеге инфрақұрылымы толық жеткізілді делінген индустриалды аймаққа 4 жыл бұрын қазық қаққан Қайрат Бердібаев өндірістік нысан әлі қаңырап тұрғанын қынжылыспен жеткізді. Темір балқытып, шеге, бұранда, арматура шығаратын қондырғылары да 2 жылдан бері қаңтарулы тұр. Электр қуатының тартылмауынан өндіріс тұралап, шығынға батқанын айтады.
«Қоршауының өзіне 20-30 млн тг жұмсадым, қондырғылардың өзіне 50 млн тг жұмсадым. Қарауылдың өзіне 3 жылда мен 3 жарым млн тг жұмсап отырмын. Кеше маған 13 млн тг керек тоғыңды ала аласың деп сметасын беріп отыр. Оған төлейтін ондай қаражат жоқ», – деді кәсіпкер Қайрат Бердібаев.
Аумағы 15 гектарды құрайтын өндірістік аймаққа жол, су, жарық жеткізілген. «Бірақ темір өнімдерін шығару цехының иесі электр тоғына деген қажеттілікті жыл сайын арттырып отыр», – дейді энергетиктер.
«2017 жылы бұл кісі қоршау жұмыстары және ғимарат жөндеуге 30 кВт тех шартына сәйкес біз түсіріп бердік. 2018 жылдың жазында 150 кВт сұраған, оған да бергенбіз техшарт. Қазір 500 кВт сұрап отыр. Бұған сапасыз электр энергиясын беруге болмайды. Электр қондырғылары шыдамайтын болғандықтан, қосалқы станция қоюға бергенбіз», – дейді Қармақшы аудандық электр тарату торабы директорының орынбасары Мейрамбек Дәрменов.
«500 кВт бөлек электр желісін жүргізу үшін кем дегенде 1 км 10 кВт электр желісін өткіземіз. Өз алдына бөлек 630 кВт трансформатор қойып беруіміз керек. Оған құрығанда бюджеттен 18-20 млн тг көлемінде қаражат шығады. Біз одан қашып тұрған жоқпыз, істеп береміз. Бірақ қандай өнім дайындайсыз, неше жұмыс орнын қамтамасыз етесіз, алатын шикізат көзі дайындап жатқан жобасы дәлелді болуы керек», – деді Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары Жалғас Сүйеубаев.
Нысанның өндірістік қуаты жоғарылағандықтан ол шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі саналмайды. «Сондықтан бизнес жоба қайта жасалуы тиіс», – дейді сала мамандары. Арызданушының өтініші, энергетикалық сұранысы мен техникалық мүмкіндіктер аудандық әкімдік пен кәсіпкерлер палатасында жан-жақты сараланды.
«Бизнес жоспарын дайындауға әзірміз. Сонымен қатар бизнес жобасын сүймелдеп, содан кейін өндірілген өнімді өткізуге дейін көмектесуге әзірміз», – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының Қармақшы аудандық филиалы директоры Арман Ермекбаев.
Осылайша кәсіпкерлік кедергісі жойылды. Жақын күндері бизнес жобасы даяр болса, тоқ тартылады. Жарық келсе, шаң басқан қондырғылар қозғалып, өндіріс жанданып сала бермек.