Биыл 40-тан астам жеке клиника тегін медициналық көмек көрсетеді
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» АҚ облыстық филиалының директоры Руслан Бектібаев мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
«Қазіргі уақытта Әлеуметтік Медициналық сақтандыру қоры 2019 жылы халыққа тегін қызмет көрсететін денсаулық сақтау нысандарымен келісімшарт бекітуді аяқтады. Осы жылдың қаңтар айында 74 медицина ұйымымен келісімшарт бекітілді. Оның 30-ы – мемлекеттік, 44-і – жеке меншік клиникалар. Өткен жылмен салыстырғанда жеке меншік клиникалардың саны 16% жоғарылады», - деді Руслан Бектібаев.
Сонымен қатар, осы жылы стационарды алмастыратын көмек көрсететін жеке меншік клиникалардың саны мен көлемі көбейді. Сондай-ақ, стационарлық көмек, амбулаторлық-емханалық көмек, ауылдағы амбулаторлық-емханалық көмек және консультациялық-диагностикалық көмек бойынша жеке жеткізушілер санының өсуі байқалады.
Сонымен бірге, жеке клиникалармен ұсынылатын медициналық көмек түрлері кеңейтілді. Мәселен, биылғы жылы оңалту және қалпына келтіру көмегін көрсету, стоматологиялық қызметтер бойынша жеке клиникалардың саны өсті.