Мектеп ата-ана мен бала қарым-қатынасын нығайтуда
Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Берік отбасы» болуды үйретуге бағытталған жаңа жоба іске қосылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Мектептің педагог-психологтары мен кураторлары 12 отбасымен арнайы сабақтар өткізіп, ата-ана мен бала қарым-қатынасының нығаюына кәсібик өмек көрсетуде.
«Берік отбасы» жобасы Біріккен ұлттар ұйымымен бірлесіп Ұлыбританияның Оксфорд университетінің профессорлары әзірлеген бағдарламасы негізінде жұмыс жасайды. Жоба бойынша арнайы білімдерін жетілдірген мектеп қызметкерлері 10-14 жас аралығындағы балаларға жасөспірімдік кезеңдегі проблемаларды жеңуге және тәрбиелеуге жәрдемдеседі.
«Биыл тек бір 7–сыныптың оқушыларымен және ата-аналарымен экперимент ретінде жұмыс жасаймыз, – деп түсіндірді Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-ұйымдастырушы-кураторы Гүлзат Шынтасова.
– Бағдараламада отбасылық ойындар, пікірталастар, мәселелерді ата-аналармен талқылау және балаларға арналған жаттығуларды қамтитын жеті бөлімнен тұрады».
Алғашқы өткен екі бөлімде ата-аналар жас өспірімдердің күйзеліске түсуі мен проблемаларын анықтауға және балаларымен жақсы қарым-қатынас жасай білуге үйренді. Ал, оқушылар армандар мен мақсаттарды қоюды және негізгі өмірлік ережелерді қалыптастыру бойынша кеңес алды.
«Жасөспірімдердің тәртібі көп жағдайда отбасылық факторға байланысты, - дейді мектептің педагог-психологы Талғат Айтбай.
– Интербелсенді тренингтерде оқушылар да, ата-аналар да отбасылық проблемаларды шешудің жолдарын табады. Үйге тапсырмалар беру арқылы біз оқушылардың әрекеттері мен ата-аналардың балаларына деген қарым-қатынасына бақылау жүргізіп, көмек береміз».
«Мен үшін бұл жоба тәрбие беруде үлкен көмекші құрал, - дейді тренингке белсенді қатысушы ата-ана Кенже Ажмолда.
Бес баламның үшеуі бүгін үлкен азамат болды, бірақ, қазір ойланып отырмын, жіберген кемшіліктер кездесті.
Енді төртінші баламызды тәрбиелеуде жанұямызда жаңа ережелер бекітіп, өзгерістер енгіздік».
Бағдарлама бойынша отбасылармен сабақтар жеті аптаға созылады. Курс тыңдаушылары «Берік отбасы» болудың ережелерін танып біліп, ата-ана мен бала арасындағы байланыс нығаяды деп күтілуде.
Айта кетейік, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің 40 астам психолог пен педагог-ұйымдастырушы-куратор аталмыш жоба бойынша шетелдік мамандардан арнайы тәлім алған болатын.