Қызылорда облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс өршіп тұр
Кәмелет жасына толмағандардың істері жөніндегі жергілікті комиссиялардың жұмысы қанағаттанарлықсыз деп танылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың Жаңақорған ауданынан басқа барлық аудандарында кәмелетке толмағандар арасында қылмыс саны 3-4 есеге өскен.
Құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі облыстық ведомствоаралық комиссияның отырысында кәмелет жасқа толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия жұмысының қорытындысы талқыланды.
Отырысты ашқан облыс әкімі Қ.Көшербаев жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық санының айтарлықтай өскенін атап өтті.
«2018 жылдың қорытындысымен республика бойынша кәмелет жасына толмағандармен жасалған қылмыстар 6 пайызға төмендесе, керісінше облысымызда бұл көрсеткіш 57 пайызға (86-дан 135-ке) өсіп отыр. Облыстың барлық аудандарында, Жаңақорғанды қоспағанда, жасөспірімдермен жасалған қылмыстар 3-4 есеге артқан. Бұл жағдайды да статистика қоғамдық тәртіпті бұзу бойынша барлық көріністердің есепке алынуымен байланысты деп бізді сендіруге тырысады. Алайда, біз олай санамаймыз. Бұл тиісті мемлекеттік органдарының кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқық бұзушылық профилактика бағытындағы жұмыстарының тиісті деңгейде ұйымдастырылмағанын көрсетеді»,-деді аймақ басшысы.
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Бауыржан Ибраев пен облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жасұлан Шынтасов құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша облыста жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Атап айтсақ, оқушылар мен студенттер арасында түрлі іс-шаралар, ал оқу орындарының қызметкерлерімен семинар-кеңес өткізіліп келеді. Сонымен қатар, "Жасөспірім және көше", "Түнгі қала" рейдтері тұрақты түрде ұйымдастырылуда, кәмелетке толмағандарға спирттік және темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау үшін тексеру жүргізілуде. Сондай-ақ, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау орнатылды және оқу орындарында смартфондарды пайдалануға шектеу қойылды.
Дегенмен, аймақ басшысы қабылданған шаралар тиісті нәтиже бермей отырғандығын атап өтті.
"Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқықтары жөніндегі комиссияның жұмыс форматын жедел түрде қайта қарап, шетелдік тәжірибелер зерделеніп, жандандыру керек. Осы жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша бұл жұмыстар талданатын болады және оның қорытындысымен тиісті әкімдердің есебі тыңдалатынын ескертемін", - деді аймақ басшысы.
Жол апатынан қаза болғандар саны 11 пайызға артқан
Ведомствоаралық комиссия отырысында құқық бұзушылықтың профилактикасы бойынша жұмыстың жалпы қорытындылары қаралды. Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Шотаевтың айтуынша, барлық мемлекеттік органдар соңғы уақытта өсу қарқынымен ерекшеленетін қылмыстардың алдын алуға баса назар аударып, осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуі қажет.
"Соңғы жылдары өңірде жол-көлік оқиғаларының саны артты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жол-көлік оқиғаларының саны 20 пайызға, жол апатынан қаза болғандар саны 11 пайызға, ал зардап шеккендер саны 22 пайызға артты", – деді С.Шотаев.
"Облыстық полиция департаментінің материалдық-техникалық базасы жыл сайын артып келеді. Алайда, айтарлықтай нәтиже байқалмайды. Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, уәкілетті органдардың басшыларына әлемдік тәжірибені ескере отырып, қылмысқа қарсы күрес жөніндегі жол картасын қысқа мерзімде әзірлеуді тапсырамын. Бұл жұмыстардың формальді жүргізілуіне жол берілмесін", - деп қорытындылады аймақ басшысы.