Қызылордада 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар
Қызылорда облысында 29 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жандар бар, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Бұл көрсеткіш жалпы халық санының 3,7 пайызын құрайды.
Дәлірек айтар болсақ, аймақта 1 топтағы мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 2890, 2 топта 11106, 3 топта 10776 адам тіркелген. 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шеутеулі балалар саны 4928-ді құрайды.
Өңірде мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша мақсатты және жүйелі жұмыстарды жүргізу үшін 2013 жылы «Мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі арнайы Жол картасы» қабылданды. Жол картасында белгіленген шаралар толығымен орындалды.
Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, аталған Жол картасын жүзеге асыруға бюджеттен 23 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Оның 2,3 млрд теңгесі республикалық бюджеттен болса, 20,7 млрд теңгесі облыстық бюджеттен қарастырылған.
Мемлекет тарапынан ай сайын мүгедектігіне байланысты мемлекеттік жәрдемақы 1 топқа – 57020 теңге, 2 топқа – 45438 теңге, 3 топтағы жандарға – 30886 теңге, 16-18 жасқа дейінгі мүгедек балалар 1 топ – 57020 теңге, 2 топ – 47220 теңге, 3 топ – 35638 теңге, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар – 47577 теңге төленіп отыр.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға әзірленген жеке оңалту бағдарламалардың орындалуына облыстық бюджеттен бөлінген қаражат жылдан жылға артып отыр.
Өткен жылға 558 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл көрсеткіш 2017 жылы 338,8 млн.теңге, 2016 жылы 338,3 млн. теңгені құраған болатын. Нәтижесінде, әлеуметтік оңалту шаралары 87,2 пайызға орындалды.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың жеке оңалту бағдарламаларын орындауға биылғы жылы бюджеттен 1173,3 млн.теңге қаражат бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда 222 млн теңгеге артып отыр.
Атауы | 2018 жылы қамтылғандар | 2019 жылы қамтылғандар |
Санаторлы-курорттық қызмет | 1267 | 1427 |
Жүріп-тұру құралдары (кресло-арба, жетек арба, балдақ, трость) | 3302 | 3363 |
Сурдотехникалық құралдар | 581 | 504 |
Тифлотехникалық құралдар | 2448 | 2466 |
Протезді-ортопедиялық бұйымдар | 2011 | 2045 |
Міндетті гигиеналық құралдар | 7593 | 8025 |