Ішіп алып көлік жүргізген жаңақорғандық жазаланды
Жаңақорған аудандық сотында мас күйінде көлік басқарған азамат сотты болды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz аудандық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотта анықталғандай, осыдан 3 жыл бұрын Жаңақорған аудандық соты заң бұзушыны көлік құралын басқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырған болатын. Жаза мерзімі толық аяқталмай тұрып, айыпталушы заңды бұзған. Ол ағымдағы жылдың 12 қаңтар күні Жаңақорған кенті, Маханбет көшесінің бойында автокөлікті мас күйінде басқарған.
Алкогольдік масаю күйін анықтау туралы медициналық қорытындыға сәйкес, сотталушы Р. «жеңіл» дәрежелі мас күйінде болғаны анықталған.
Сотта, айыпталушы Р. кінәсін мойындап, істеген әрекетіне өкінетінін, алдағы уақытта ондай әрекеттерге бармайтынын көрсетіп, жеңіл жаза қолдануды сұрады.
Сот үкімімен сотталушы Р. кінәлі деп танылып, көлік басқару құқығынан 3 жыл мерзімге айырылды. Сонымен қатар оған 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 63 125 теңге айыппұл салынды.
Динара МАХАНОВА