Қызылордада биыл жаңадан 5 мектеп салынады
Қызылорда қаласынан биыл 5 мектептің құрылысын бастауға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шықты. Бұл туралы қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Шаһар басшысының айтуынша, сол жағалауда 900 орындық мектептің, "Арай" ықшам ауданында 600 орындық, "СПМК-70" ауданында 600 орындық, Қызылжарма елді мекенінде 900 орындық, "Саяхат" ықшам ауданында 300 орындық мектеп ғимараттарын салу үшін жобалау сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Сонымен қатар, «Әл-Фараби» көшесіндегі №261 мектептің жанынан 150 орындық қосымша ғимарат салуға 167 млн. теңге қаржы қаралған.
Айта кетейік, Жаппасбай батыр көшесінен бой көтерген 600 орындық мектептің құрылысын аяқтауға республикалық, облыстық бюджеттен 816,3 млн.теңге бөлінді. Биыл қыркүйек айында пайдалануға беріледі.