Денсаулық сақтау нысандарының 86% жаңартылды
6 жыл ішінде апатты жағдайдағы ғимараттардың орнына 49 денсаулық сақтау нысаны салынды, қалған 8 нысанның құрылысын таяу екі жылдың ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың халыққа есеп беру жиынында белгілі болды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Соңғы 5 жылда облыста алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарының 63% жаңғыртылды.
2018 жылы Арал ауданының Бекбауыл ауылында, Қазалы ауданының Өркендеу ауылында және Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылында 3 жаңа ауылдық амбулатория, сондай-ақ Арал және Қазалы аудандық орталық ауруханалары пайдалануға берілді.
Шиелі аудандық орталық ауруханасының құрылысы жақын арада аяқталады, сондай-ақ, Жалағаш аудандық ауруханасының құрылысы басталады.
Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпсалалы аурухана құрылысының жобасы әзірленуде. Жобаны облыс орталығының сол жақ жағалауында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарлануда.