Жаңа жоба жетістікке жеткізді
Қызылордада облыс әкімі Қ.Көшербаевтың қатысуымен жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылының қорытындысы бойынша кеңес өтті. Онда өңірдегі кәсіпкерлік саласын ілгерілету мәселесі қозғалды. Сондай-ақ, келелі кеңесте шағын және орта бизнесті дамытуға қосқан үлесі үшін үздік кәсіпкерлер марапатталып, оларға 1 млн. теңгеден сыйақы берілді.
1 млн. сыйақы алған үздік кәсіпкерлер арасында Сырдария ауданында жаңадан ісін бастаған Дана Ашабаева бар. Жас кәсіпкер өткен жылы ғана кәсібін бастаған. Кәсіп болғанда бұрын-соңды ауданда жоқ мал дәрігерлік дәріхананы ашты. Қолға алынбаған жобаны өз қаражатымен бастап, аудан орталығындағы «Арзан базар» маңынан жүзеге асырып отыр. Дәріхана малға қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған. Бүгінде дәрілердің 30-дан аса түрі қолжетімді бағада сатылуда. Олар Алматы, Шымкент қалаларынан арнайы жеткізіліп отыр.
– Өзім ауданға келін болып түскеніме бір жыл болды. Осында келісімен ветеринариялық дәріхана ашуды қолға алдым. Негізі, фармацевт саласында 5 жылдан аса жұмыс жасадым. Осында келгеннен кейін мал дәрігерлік дәріхананың жоғын біліп, іске кірістім. Ұсынысты кент әкімдігі жасаса, аудандық кәсіпкерлік бөлімі қызметкерлері қолдау білдірді. Соның арқасында кәсібімді бастадым, – дейді жас кәсіпкер.
Қазіргі таңда фармацевт маман өз білігі бойынша мал ауырғанда қажетті дәрілерді айтып отырады. Кейде ит, мысық, тауықты емдейтінін де жеткізді. Өз мамандығы болған соң бұл жағынан да халыққа қызметін көрсетіп келеді. Аймақта жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылының пайдасы тигенін айтқан Дана Нәбиқызы кәсіпкерді қолдауға берілген қаржыны мал дәрігерлік дәріхананы кеңейтіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға жұмсайтынын айтты.