13 ақпан: Атаулы күндер мен оқиғалар
Дүниежүзілік радио күні. 2011 жылғы 3 қарашада ЮНЕСКО Бас конференциясының 36-шы отырысында бекітілген. Халықаралық күнді енгізуге Испания бастамашы болды. Бұл күн кездейсоқ таңдалған жоқ. 1946 жылы БҰҰ өзінің радиоқызметін - БҰҰ радиосын іске қосты.
2010 жылы Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Алматы облысына жұмыс сапары аясында Тілдер сарайының ашылу рәсіміне қатысты. Республикадағы алғашқы және әзірге жалғыз Тілдер сарайының құрылысы Елбасының «Тілдің үштұғырлығы» бағдарламасына сәйкес салынған болатын. Оның құрылысына облыстық бюджеттен 304 млн. теңге қаржы жұмсалды. Жобаның авторы Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі Нұркен Белдібаев, сонымен қатар ол Талдықорғандағы Достар үйінің де авторы. Тілдер сарайының барлық сыныптары оқу барысына қажетті заманауи жабдықтармен жарақтанған. Бір уақытта онда 80 адам білім алуға мүмкіндік жасалған. Сонымен қатар мұнда сабақ жүргізілетін бөлмелерден басқа 150 орынға есептелген акт залы, облыстық тілдерді дамыту басқармасы қызметкерлерінің кабинеті және орталықтың қазақ, ағылшын және орыс тілін оқытатын оқытушылардың кабинеттері де қарастырылған.
2012 жылы ҚР Президенті «Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік органдары туралы» заңға қол қойды.
2012 жылы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» тәжірибесін тарату мақсатында Педагогикалық шеберлік орталығы құрылды.