Қызылордада «Жасөспірім – Заң - Қауіпсіздік» акциясы өтуде
11-15 ақпан аралығында Қызылорда облысында «Жасөспірім – Заң - Қауіпсіздік» атты акциясы өткізілуде, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Акцияның мақсаты – кәмелетке толмағандардың арасында құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру.
Іс-шараға жергілікті әкімдіктер, прокуратура, білім беру, денсаулық сақтау, «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының филиалы, ішкі саясат, жастар ресурстық орталығы және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысуда.
Сонымен қатар, аталған акция аясында ішкі істер органдары мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері бірлесіп, қолайсыз отбасында тәрбиеленіп жатқан балалардың тұрмыс жағдайлары, ішкі істер органдарына есепке алынған кәмелетке толмағандар мен жалға алынған пәтерлерде тұратын колледж студенттерінің тұрғын үй жағдайлары тексерілуде.
Балаларға жол және өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтау, кәмелетке толмағандардың арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстылықтың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.