Тар үйде тұрмыс тауқыметін тартуда
Қызылорда қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Фариза (тегін жарияламауды өтінді авт.) тұрмыстық жағдайын айтып, көмек сұрауда. Қаланың шет аймағында екі бөлмелі пәтерді жалдап тұратын көпбалалы ананың тыныс-тіршілігімен oldkaz.kyzylorda-news.kz тілшісі танысып қайтты.
Үш бөлмелі пәтердің 2 бөлмесінде тұратын отбасының мүшелері үйдің салқындығынан күртешемен жүр. Баспанаға көгілдір отын келіп тұр дегенімен, оның қуаты үйді жылытуға жетпейді. Сондықтан олар газ плитаның төрт көзін жағуға мәжбүр.
Жолдасымен бірге бес бала тәрбиелеп отырған Фаризаның тұңғышы Әл-Фараби шағын ауданындағы №261 орта мектептің 1 сыныбында оқиды. Балаларының ең кішісі 8 айлық. Отбасындағы үш қыз қаладағы «Хадиша-Ана» балабақшасына барады. Фаризаның құрбысы осы балабақшада жұмыс істейтіндіктен, балабақша басшысына көпбалалы ананың тұрмыстық жағдайын айтып, үш қызын тегін орналастырған.
«Жолдасым біреудің малын бағады. Соңғы уақытта денсаулығы сыр беріп жүр. Ауыр жұмысқа жарамайды. Ол бүйрегінің дұрыс қызмет жасамауынан кейде 1 айға дейін төсек тартып жатып қалады», - деген ол күйеуінің айлығы шайлығынан ауыспайтындықтан толық ем алмаған.
Бұл отбасы отағасының 30 мың теңге жалақысы және балаларға берілетін 33 мың теңге жәрдемақымен жан бағуда. Көпбалалы ананың айтуынша, алдағы мамыр айында кенже баласы 1 жасқа толып, бұл көмектің 12 500 теңгесі тоқтайды екен.
Жас отбасы бұл уақытқа дейін үй кезегіне тұрмаған. Қазіргі таңда туыстарының баспанасын паналауда. Кейде пәтерақысын төлесе, кейде тапқан таянғандары жетпей қалатын көрінеді.
Фариза өткен жылдың тамыз айында баласы мектептің ыстық тамағына іліксін деп құжаттар тапсыруға барған.
«Тамыз айында №261 мектеп директорының орынбасарына бардым. Балам мектептен ыстық тамақ ішсін, құжат тапсырайын деп ойладым. Құжаттарымды дайындап та апардым. Алайда «қолым тимей жатыр, кейін кел» деп шығарып салды. Осындай жағдай бірнеше мәрте қайталанды. Мектепке бір емес, бірнеше рет бардым. Құжаттарымды қабылдамады. Соңында қыркүйек айында барғанымда, құжаттар қабылдау аяқталғанын айтты», - дейді көпбалалы ана.
Фариза облыс орталығындағы жеке колледждердің бірінде құқықтану мамандығы бойынша оқыған. Алайда 2 курс кезінде оқу орны жабылып, диплом ала алмаған.
Жұмыссыз ретінде тіркелу үшін қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне барған Фаризаға бөлім мамандары 8 айлық баламен жұмыссыздыққа тіркеле алмайтындығын айтқан.
Көпбалалы ананың базынасын тыңдап, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметоваға хабарласқан болатынбыз.
«Біз бұл отбасыға баласы 7 жасқа толғанға дейін атаулы әлеуметтік көмек көрсете аламыз. Егер отбасыға кіретін табыс жан басына шаққанда 14 мың теңгеден аспаса, онда бұл отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Осы орайда айта кету керек, бала күтіміне байланысты берілетін әлеуметтік көмек пен отбасыға берілетін әлеуметтік көмек екі бөлек. Ол кісі біздің бөлімге келсін. Мемлекет тарапынан берілетін барлық көмекті көрсетеміз», - дейді Гүлмира Рахметова.
Көпбалалы ананың №261 мектепте оқитын баласының ыстық тамақтан не үшін қағылғанын анықтау мақсатында мектеп директоры Алтынсары Шүреновке хабарластық. Мектеп директорының айтуынша, әлеуметтік педагог тарапынан кемшіліктер жіберілгендіктен бұрынғы кадр өз қызметінен алынған.
«Дәл қазіргі уақытта менің қолымда 4 баладан жоғары отбасындағы балалардың тізімі тұр. Бірақ бұл кісінің баласы тізімде жоқ. Сондай-ақ жалпыға бірдей міндетті оқу орынынан беретін ыстық тамақ және киіммен қамтылған оқушылар тізімінде де жоқ. отбасылардың тұрмыс жағдайына байланысты қала аумағы 6 секторға бөлінген. Ең ауыр сектор осы Әл-Фараби мөлтек ауданы болып табылады. Ертеңнен бастап таңертеңгі сағат 9.00-ден кешкі сағат 19.00-ге дейін комиссия жұмыс жасайды. Комиссия барлық мән-жайды анықтап, әлеуметтік көмек тағайындайтын болады. Көмекке мұқтаж ана бізге келсін, көмек беретін боламыз. Мен өзім атаулы көмектің төрағасымын», - деді мектеп директоры Алтынсары Шүренов.
Көмектесуге әзір тұрған басшылардың сәлемін көпбалалы ана Фаризаға да жеткіздік.
Айта кетейік, баспананың үшінші бөлмесінде Фаризаның енесі мен қайын әпкесі 5 баласымен күнелтуде. Бұл аядай бөлмеде де 7 адам тұрып жатыр.
Қаланың шет аймағындағы тар, әрі салқын үйде осылайша 14 жан тұрмыс тауқыметін тартуда. Бұл екі көпбалалы отбасы барлық көмекке зәру.
Динара Маханова