Қызылордада тасқын су жинайтын су қоймалары салынады
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
"Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында облыс аумағында 3 млрд. текше метр тасқын су жинайтын 6 су қойма салу жоспарланып отыр. Олардың ішінде, ең ауқымдылары 1,5 млрд. текше метр су жинайтын Қараөзек және 600 млн. текше метр су жинайтын Күміскеткен су қоймалары. Себебі, жыл сайын Үлкен Арал теңізіне қайтарымсыз кететін 3 - 4 млрд.текше метр суды Күміскеткен және Қараөзек су қоймаларына жинап, егістікті сумен қамтамасыз етуге, мал және балық шаруашылығын дамытуға жағдай жасалатын болады", - деді С.Қожаниязов.
Сондай-ақ, елді мекендерді аяқ сумен қамтамасыз ету үшін су нысандарын тазалау, жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Өткен жылы облыстық бюджет есебінен бөлініп, 6 канал тазалынды. Атап айтқанда, Арал ауданы бойынша Ақирек ауылдық округінде Басықара, Бөген ауылдық округінде Балғабай, Бекетай, Стан, Райым ауылдық округінде Бесжарма каналдары және Қармақшы ауданында Балажарма каналы.
Ал, 3 насос қондырғылары Қызылорда қаласында Бірқазан және Талсуат ауылдық округтеріне және Жаңақорған ауданында Кейден ауылдық округіне алынды. Нәтижесінде, елді мекендердің аяқ сумен қамтамасыз етілуі жақсарып, 180 га түрлі бау-бақша және көкөніс дақылдарын егуге және Арал ауданындағы Тұщы-1, Тұщы-2, Қаракөл көлдерін суландыруға мүмкіндік болды.
Сонымен бірге, облыс аумағындағы иесіз су нысандарын облыстық меншікке беру жұмыстары жалғасуда.