«Қызылорданың қыздары мұндай емес». Ұсқынсыз мүсін қызу талқылануда
Қызылорда қаласындағы қазақ қызының ұсқынсыз мүсіні қызу талқылануда, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Журналист Өмірзақ Ақжігіт Facebook-тегі парақшасында: «Мына ескерткіш, рас болса, Қызылордада тұр екен. Қазақ қызын бұдан артық қорлау, бұдан артық мазақ ету мүмкін емес шығар», – деп жазып, мүсіннің суретін жүктеген. Оны көпшілік қоштап, пікір білдірді. Бірі «Шректің келіншегі ме?» десе, енді біреулері «Фиона бұның қасында красавица ғой», «Туканың "Қыз Жібек" рөлін ойнап тұрған кезі сияқты», «Мүсіншіге жұмысыңды тоқтат деген жөн шығар» десті.
Желі қолданушысы Қарлығаш Абдрахманова да өз парақшасында мүсін туралы жазба қалдырды.
«Әшейінде анау-мынау жазамыз ғой. Бірақ біреу Қызылорда десе жүрегіміз зу ете қалады ше. Бүгіндікке мына бір мүсін жыр болды ғой. Не болды сонша))) Небір бет бар ғой... қалың бет, бетсіз бет, ұятсыз бет, былш етпейтін бет... бұл да бір беттің түрі шығар. Ұсқынсыз бет деген. Осының қасынан өтіп жүрмін, көріп жүрмін... Ойлап жүрмін ғой "әй, жазғанның түрі осындай шығар" деп. Қайдан білесіңдер мүмкін әйелімен ұрсып қалды ма сол күні мүсінші. Құрсын, "Қызылорда қыздары" мұндай емес. Қуып кетпеңдер бір мүсіншінің ісімен...» – деп жазды ол.
Әлеуметтік желідегілер ұсқынсыз мүсінді кім жасағанын сұрауда.