Жаңақорғанда қарбыз шырыны шығарылады
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында қарбыз шырыны шығарыла бастайды. Аталмыш өндіріс орны жобасын неміс компаниясы қаржыландырады. Өндіріс орнына қажетті шикізатты жергілікті шаруалар жеткізіп тұрмақ, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап.
Әлемдік нарықта жеміс-жидек шырындары жоғары сұранысқа ие. Ол ерекше дамып келеді және болашағы зор кәсіптің түрі саналады. Қарбыз шырынын шығару ісі Қытай, Түркия және Иран елдерінде жақсы жолға қойылған.
«Жаңақорған ауданында биыл қарбыз шырыны өндірісін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Оны қаржыландыруды неміс компаниясы өз міндетіне алды. Өндіріс орыны сағатына 2700 литр шырын өндірмек. Елімізде мұндай кәсіпорын қазір тек Алматы қаласында бар. Онда алмадан табиғи шырын өндіріледі. Бізде қарбыз дақылы Жайылма ауылында егіледі. Бұл елді мекен тұрғындары бақша дақылдарын өндіруге машықтанған», - деді Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев.
Әлемдік нарықта жеміс-жидек шырындары жоғары сұранысқа ие. Ол ерекше дамып келеді және болашағы зор кәсіптің түрі саналады. Қарбыз шырынын шығару ісі Қытай, Түркия және Иран елдерінде жақсы жолға қойылған.
«Айта кетелік, неміс инвесторлары тек өндіріс орыны технологиясын қадағалаумен айналыспайды. Олар қарбыз егу ісіне де назар аударады. Оған қанша су және тыңайтқыш берілуі тиіс екеніне де назар аударатын болады», - деді Ғалым Әміреев.