Қызылордада көші-қон орталығы ашылды
Бұл орталықта шетелге іссапарға шығатын немесе өңірге келген шетелдіктерге қызмет көрсететін болады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Орталықтың ашылу салтанатына Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев пен "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов қатысты.
Аймақ басшысы тұрғындарды көші-қон орталығының ашылуымен құттықтап, мемлекеттік қызмет саласын цифрландыру бойынша облыста жүргізіліп жатқан жұмыстарды атап өтті.
«Елбасы өз Жолдауында 2019 жылы мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы электронды форматқа көшуі тиістігін тапсырды. Бүгінгі күні Қазақстан да әлемдік тренд көшінен қалмай, «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын қарқынды жүзеге асыруда. 2018 жылдың соңында «Азаматтарға арналған үкіметтің» облыстық филиалы жанынан Цифрлық қызмет көрсету секторы ашылып, халық игілігіне ұсынылды. Міне, енді Көші-қон орталығын ашып отырмыз. Айта кетейін, 2018 жылы өңірде 36 577 шетел азаматы тіркеліп, 15 614 шетелдіктің еңбегі заңдастырылды. Демек, жаңа орталықтың қызметіне деген сұраныс артады деген сөз. Енді шетелге жұмыс сапарымен шыққан және елімізге жұмыс бабымен келген азаматтар құжат толтыру үшін қаланы шарламай, бар құжатын бір «терезе» жүйесінде рәсімдей алады. Бұл өңіріміздің инвестициялық имиджіне де оң әсер етеріне сенемін», - деді аймақ басшысы.
Осыдан 10 жыл бұрын орта есеппен күніне 50 шақты адамға мемлекеттік қызметтің 70 түрі көрсетілсе, бүгінгі күні мемлекеттік Реестрдегі 750-ден аса қызметтің 621-ін «Азаматтарға арналған үкімет» көрсетіп, қалғанын Электронды үкімет порталы арқылы алуға мүмкіндік бар. Қазір мемлекеттік корпорация облыс бойынша бір күнде 5-6 мың адамға дейін қызмет көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, аймақта сандық технологиялар басқармасы және ІТ-парк ашылды, HackDay фестивалі мен облыстық "RoboFest" сияқты іс-шаралар өткізілді.