Қызылордада қызылша ауруын жұқтырған 31 адам тіркелді
Қызылорда облысы бойынша жыл басынан бері 31 адам қызылша ауруына шалдыққан. Бұл туралы облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ұлболсын Аханаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«2018 жылдың күз айларынан бастап еліміз бойынша қызылша ауруы белең алуда. Бірақ Сыр өңірінде өткен жылы мұндай сырқатпен ауырғандар тіркелмеген болатын. Жыл басынан бері облыс бойынша 31 адам қызылша ауруының алғашқы диагнозымен тіркелген. Олардың 11-і нақтыланған. Ең алғашқы науқас Астана қаласынан жұқтырып келіп, Қызылорда қаласында тіркелген. Науқас қазіргі таңда толық емін алып, сырқатынан толық айықты», - деді департамент басшысы.
Қызылша ауруы – тұмаудан да тез тарайтын сырқат түрі. Бұл ауа тамшысы арқылы тарап, екпе алмаған адамдар тез шалдығады.
Ұлбосын Аханаеваның айтуынша, екпе 1 жаста және 6 жастағы балаларға салынады. Яғни, қызылшаға қарсы екпені адам өмірінде 2 рет алады. Айта кету керек, 6 жастағы балаларға екпе 1 шілдеге дейін салынады.
Бүгінгі күні қызылшаға қарсы екпе ағымдағы жылдың қазан айына дейін жеткілікті.