Шиелі ауданы агроөнеркәсіп саласындағы «Үздік аудан» атанды
Өткен жылдың қорытындысымен Шиелі ауданы Агроөнеркәсіп саласындағы жетістіктері үшін облыста І орынды иеленіп, «Үздік аудан» атанды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Шиелілік диқандар 12 627 гектар күріштің әр гектарынан 57 центнерден өнім келтіріп, 71 974 тонна астық қамбаға құйылды. Сондай-ақ, көкөніс, бақша дақылдары да өзінің мол жемісін берді. Картоптың әр гектарынан 250 центнерден, көкөніс пен бақша дақылдарының әр гектарынан 300 центнерден өнім жиналды», - деді Әшім Оразбекұлы.
Шиелі ауданында былтыр ауыл шаруашылығы саласы бойынша 21 млрд. 328 млн. теңгенің өнімі өндірілді, өткен жылмен салыстырғанда өнім өндіру 103,3 пайызды құрады.