Қызылордада белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған орталық ашылды
«Нұр Отан» партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында белсенді ұзақ өмір сүруге бағытталған орталығы ашылды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Орталық аймақтағы «Достық үйінің» жанынан ашылды. Бұл партияның Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлескен іс-шаралар жоспарына сәйкес қолға алынып отырған игі шаралардың бірі.
Орталықтың негізгі мақсаты қазыналы қарттарымыздың тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік белсенділігін дамытуға, бос уақыттарын қызығушылықтарына қарай тиімді өткізуге сондай-ақ, оларды қоғамдық өмірге тарту арқылы қарым-қатынас жасау үшін қосымша жағдайлар жасауды көздейді.
Ардагерлер қауымын құттықтаған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев орталық жұмысының қазіргі қоғамда «белсенді қарттықтың моделін» қалыптастырудағы рөліне тоқталып, ардагерлерді қолдауға бағытталған жұмыстарды атап өтті.
«Орталықта ұрпақтар сабақтастығын дамыту мақсатында ардагерлеріміздің жинаған өмірлік және кәсіби тәжірибелерін сақтау мен қолдану мақсатында менторлар клубы да жұмыс жасайтын болады. Орталық жұмысынан бөлек біз зейнет жасындағы азаматтардың бос уақыттарын сауықтыру шараларымен өткізуіне жағдай жасау мақсатында облыс орталығындағы «Евразия», «Сейхун» спорттық сауықтыру кешендерімен және Жалаңтөс Бахадүр атындағы №1 облыстық мамандандырылған олимпиадалық резерв мектебімен келісімдер жасадық. Енді зейнеткерлеріміз «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында аталмыш орындарда тегін және тұрақты түрде спортпен айналысуына болады», - деді Ибадулла Құттықожаев.
Салтанатты шара ардагерлерге арналған IT технологияларға арналған семинармен жалғасын тапты.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны – 29, оның 12-і қала тұрғындары. Сондай-ақ аймақта зейнеткерлер саны – 73277, оның 28873-і облыс орталығында.