Сол жағалауда 18 көпқабатты тұрғын үй салынды
Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев халық алдындағы есеп беру жиынында Сол жағалаудағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қала халқының қарқынды өсуіне байланысты Сырдария өзенінің сол жағалауы игеріліп жатқандығы белгілі. Осыған орай, 1 мың 532 гектар аумақтың жоспарлау жобасы әзірленді.
Қала әкімінің айтуынша, жеке тұрғын үй құрылысы жаңадан ашылған «Бәйтерек» тұрғын ауданына қарай дамып, көп қабатты тұрғын үй құрылыстары Сырдария өзенінің сол жағалауында салынады.
«Сол жағалаудағы жаңа құрылыс алаңдарында компаниялардың өз қаражаты есебінен 5 қабатты 18 тұрғын үй, 320 орындық балабақша салынды. Облыстық бюджет есебінен қалалық музей "Рухани жаңғыру" орталығы бой көтеріп, ел игілігіне қызмет етуде. «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы, "Жастар орталығы" ғимаратының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Осы аумақта 100 келушіге арналған емханамен қоса 300 төсектік көпсалалы облыстық аурухана, 900 орындық мектеп, мемлекеттік - жекеменшік әріптестік аясында 500 келушіге арналған емхананың құрылысын салу жоспарлануда», - деді қала басшысы.