Былтыр Қызылорда қаласында 73 кәсіпкерлік нысан іске қосылды
Қызылорда қаласында өткен жылы 73 кәсіпкерлік нысан іске қосылды. Бұл туралы шаһар басшысы Нұрлыбек Нәлібаев халыққа есеп беру жиынында айтты, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Аймақтағы кәсіпкерлік субъектілерінің 48,8 пайызы Қызылорда қаласында. 2018 жылы 25 мың 936 шағын кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. Жыл көлемінде қала кәсіпкерлерінің өз қаражаты есебінен жалпы құны 8,2 млрд. теңгені құрап, жаңадан 1 мың 726 жұмыс орындары ашылды.
Елімізде индустриялық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асуда.
Әкімінің айтуынша, қалада индустрияландыру картасына енгізілген құны 62,6 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба орындалып жатыр. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасымен 906 млн. теңгені құрайтын 179 жоба қаржыландырылды.
«Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында 7,3 млрд. теңгені құрайтын 76 жоба мақұлданып, 52 жобаға 63,8 млн. теңге қайтарымсыз қаражат берілді. Барлық жобаның басты мақсаты - халықтың әл-ауқатын жақсарту, жаппай кәсіпкерлік үшін жағдай жасау, жаңа жұмыс орындарын ашу. 2018 жылдың қорытындысымен қалада шағын және орта бизнестің көлемі ұлғайды», - деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Айта кетейік, осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 2018 жылы Қызылорда облысы "Бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған үздік өңір" ретінде танылып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлына "Хан тәңірі" сыйлығын табыстады.