27 қарашаны Қорқыт ата күні деп атау туралы ұсыныс айтылды
Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов мәлімдеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Брифингте Руслан Рүстемов Қорқыт ата мұралары Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы ЮНЕСКО-ның ғаламдық мәдени мұралар тізіміне енгізілуі өткен жылдың басты жетістіктерінің бірі екендігін айтып өтті.
«Аймақ басшысының қолдауымен 2013 жылдан бастап облыс әкімдігі жанындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және пайдалану, сақтау ғылыми кеңесінің нәтижелі еңбегі. Ғалымдарымызбен бірлесіп жасаған жұмыстарының қорытындысы. Бұл Сыр халқының ғана емес, түркі әлемінің жеңісі. Сондықтан биылғы жылы 27 қарашаны өңірдің халқы қолдау білдіріп жатса, Қорқыт ата күні деп жариялауға ұсыныс білдірдік. Әрине, мұның барлығы алдағы күннің еншісінде шешілмек», - деді Руслан Рүстемов.