Мұхтар Ниязовпен TedTalks форматында кездесу өтеді
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының ұйымдастыруымен 6 ақпан күні танымал айтыскер ақын, екі дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязовпен TedTalks форматында шара өтеді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
Айтыскер ақынмен кездесу Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада өтеді.
Шараның мақсаты – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, сөз құдіретін сезінуге тәрбиелеу, табысқа жетудің сырын ұғындыру.
Қоғамдық сананы жаңғырту процесінде жаһандық мінез-құлық модельдерінің ағынында көрінбей қалмас үшін ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыпты, музыка мен әдебиетті сақтау маңызды.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» – деген болатын. Осы орайда сүлейлер шыққан Сыр өңірінің ғана емес, қазақтың мақтанышына айналған азулы ақын Мұхтар Ниязов жастарға бүгінгі әдебиет пен өнердің, мәдени үдерістің бағыт-бағдары жайлы әңгімелейді.
TedTalks форматында өтетін шарада танымал айтыскер ақын Мұхтар Ниязов өзі туралы қызықты деректермен бөлісе отырып, жастармен ашық сұхбат құрады. Табысты болудың сыры мен сөз құдіреті, айтыс өнеріндегі қоғамның өзекті мәселелерінің айтылуы мен орындалу жайлары, тұлғалық қасиеттер жайлы ой-толғамдарымен бөліседі.
Айта кетейік, Мұхтар Ниязов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің түлегі. Шығармашылық жолын өлең жазумен бастап, қазіргі таңда облыстық, республикалық, халықаралық айтыстарда топ жарып жүр. Республикалық «Асыл арна» телеарнасындағы «Сүбелі сөз» хабарының жүргізушісі.
1984 жылы Ted қоры ең қызықты тақырыптар, тың идеялар мен инновациялар конференциясын ұйымдастырып келеді. TedTalks шарасы спикер мен аудитория арасында тығыз байланыс орнатып, көбінесе қатысушыларға мотивация, жаңа білім алуға мүмкіндік береді.
Мұхтар Ниязов өткізетін TedTalks жастардың шығармашылық қабілетін арттыруға, өнерге деген қызығушылығын оятуға септігін тигізеді. Шара соңында ақын белсенді қатысушыларға естелік сыйлықтарын береді.