«Бес сәбидің мұң-зары»: Халық қыршын кеткен бүлдіршіндерді жоқтауда
Астанадағы өрттен қайтыс болған 5 баланың бүгін жаназасы оқылып, жер қойнына тапсырылды. Бес бірдей баланың өлімі күллі жұртты жылатты. Жерлеу рәсіміне де мыңдаған жұрт жиналып, қыршын кеткен бүлдіршіндерді жоқтады. Екі күннен бері әлеуметтік желіде жоқтау өлеңдер тарап кетті.
Бес сәбидің мұң-зары!!!
2019 жылы еді.
Төртінші ақпан келмеді.
Ақпанның аязды түндері.
Ата анасы түнделеп,
Күн көрістің қамымен,
Түнде жұмыс істеді.
Бала шағам аш болмасын,
Қатарынан кем қалмасын,
Аязды күні тоңбасын
Қыршын кетті бес сәби.
Қарындары тоймастан
Өз үйіміз болса деп,
Арманда кетті бес сәби.
Бейбіт тыныш заманда,
Ата анасыз сәбилер,
Шырылдатып кетті бес сәби.
Бәрі отқа түгелдей жанып кетті бес сәби.
Бір жасары сәбидің, ақ мамасын ембестен,
Қалып кетті бес сәби.
Әр бір келер бір түнге,
Қарғыс айтты бес сәби.
Бір шетте әкем,
бір шетімде анам,
Жылы құшағын сезінбей жылап кетті бес сәби.
Әкешім сен айлық алған соң,
Ойыншық әкеп берер деп,
Қиялдап кетті бес сәби.
Өмір деген қас қағым,
Зуылдап өтті бес сәби.
Әке! Ана! біліңдер.
Мен өскенде сендерге,
Өз қолыммен үй салып,
Ою өрнек сым шалып,
Саламай кетті бес сәби.
Екінші ұл былай деп,
Әке!, біз Астанада тұрсақта,
Неге өзгелер сияқты,
Рақат өмір сүрмейміз,
Ақ патша болған Нұрсұлтан!
Атамды неге көрмейміз.
Аяғымызға аязда,
Ақ етік неге кимейміз?. Үстімізге жып - жылы күртеше неге ілмейміз?.
Әке! Ана сендермен,
Астананың ортасы,
Қонаев көшесін де біз,
Бірге неге жүрмейміз.
21-ші ғасырда,
Шалқып тасып адамдар,
Неге өмір сүрмейді?. Әке! Ана! Біз енді сендерді енді көрмейміз!. Ол жақта бәрі керемет,
Қайта оралып келмейміз!!!. Айтпақшы не ғой Әкешім, Анашым!
Біз Сіздерді бәрібір сондай жақсы көреміз.
Ертең қарт боп, бұл жалған,
Сіздерді тәрк еткенде,
Біз Сіздерді күтеміз.
Қош Әкешім,
Қош Ана!!!.
Ерсейт ШАЙЫПҰЛЫҰЛЫ
***
Бес тиындық құны да жоқ-бес құрлық!
Бәсі бәсең,бес құлыншақ-бес күндік...
Бес Зарлықты қайдан іздеп кеттіңдер?
Білезігі сайланбаған бес Мұңлық...
Астанаға қайдан ғана кеп едің?
Ескегі жоқ,тұрғындары кеменің...
Жат жарықтар жанарыңды сөндіріп,
Желмая мұң-қай жақтарға жөнедің?
Қай сөзімді артсам екен ғазалға...
Бес періште-қол жүрмейді жазарға.
Жанарынан жас ағызып,егіліп
Үнсіз қалған шығар тіпті...Ажал да!
Ол жақта енді-Жолдаулар жоқ өтірік.
Әкімдер жоқ-ұрсатұғын кекіріп
Имандарың серік болсын бес бота...
Қара түнде пыр-пыр ұшқан кекілік!
Серік ЕЛІКБАЙ
***
Қайда жүр деп ата-анамды сөкпеңіз,
Қар үстінде тамақ іздеп кеткен із.
Жер бетінен жайлы орын таба алмай,
Түн ортасы ұшып кеттік көкке біз!
Енді біздер мектеп, бақша бармаймыз,
Енді дәптер, сөмке сатып алмаймыз,
Енді бізге берсеңдер де хан сарай,
Ішін шашып, ойнап, асыр салмаймыз!
Уақыт боп, айырылдық жас жаннан,
Өміріміз тар бөлмеде басталған.
Барлық бала бақытты өмір сүрсінші,
Біз оларды бақылаймыз, аспаннан!
Қастарыңда болсын дайым анаңыз,
Әкетайың болсын дайым панаңыз,
Бұл өмірден пәтер көрмей кетсек те,
Ұжымақта зәулім сарай саламыз!
Енді аяздан ешбір сәби тоңбасын,
Жауқазын гүл ашпай жатып солмасын,
Ұрпағыңның жарық болып маңдайы,
Отанымда еш жамандық болмасын!!!
Кеңшілік ТЫШҚАНҰЛЫ
***
Пейіште нұрың шалқысын...
Бұл қасірет,орны толмас өкініш,
Күллі қазақ баласына опыныс.
Бес періште қапыда отқа оранды,
Оралмайды ол,мейлі қайғы отын іш.
Бес періште,желкілдеген көк құрақ,
Шырылдады төбесінен от құлап.
Төбе құйқа шымырлатты тосын жай,
Тіл байланды,жоқ жауапта, жоқ сұрақ.
Болмастан бір балаусалар тоқ құрсақ,
Күл боп кетті тосын келген от құрсап.
Жалған өмір,жалғандығын көрсетті,
Тек пейіште көңілдерін етсін шат.
Мезгілінен ерте сөнді бес шырақ,
Ата-ананың солды гүлі,өшті бақ.
Еш қайран жоқ,адам түгел Алладан,
Бəрі өрттей өкінішті,кеш бірақ.
Енді жол жоқ Аллағада кейіске,
Соңғы нүкте,бармақ шайнай қой (іске).
Мезгілінен ерте сөнген бес шырақ,
Аппақ нұрың шалқысыншы пейіште.
Оңталап БАЗАРАЛИЕВ
***
Айтарға сөз жоқ, сарқылған,
Көрерге көз жоқ, шарпылған.
Шарпылған отқа бес сәби,
Аңырап қалды артыңнан...
Ата-анаң, қалың қазағың.
Бітпеді азап, қаза-мұң...
Тәтті ұйқыда кеттің бе,
Шыңғырып әлде, шырылдап,
Құлағыма келеді,
Жылаған үні баланың.
Бес бірдей қызыл гүл дейді,
Былдырлап, енді күлмейді.
Ата-анам қашан келер деп,
Қуыршақ ойнап жүрмейді...
Қу тірлік, тағдыр талқысы,
Нарық пен халық тартысы.
Он сегіз миллион халықтың,
Қорғансыз, қамсыз жартысы...
Есеп-қисапқа мақтану,
Ақпарат теріп, ақтару.
Айта қалсаң, бірер сын,
Судан таза, сүттен ақ
Барлығында бір ақталу.
Бақытты неге болмаймыз?
Себебі оның біздегі -
"Ауа-райында айып бар,
Көйлегі көк, қарны тоқ,
Бес жүз мыңдарға лайықтар.
Ертеңіңді ойлама,
Бүгінді ойла, байып қал.
Бас қатырып қайтесің,
Үш тілді оқы, төртінші,
Қытайшаны біл, сол кезде
Байып шығасың ғайыптан."
Деген ақыл көл-көсір,
Жарты қазақ төбеде,
Жарты қазақ сіріңке
Тиіп кетсе, лап етер
Кешеден қалған көңде отыр...
Жанып кетті бес бала,
Айыптымын, кеш, Алла!
Сырытмды ойлап жүргенде,
Ішімді өрт жайлады,
Қол-аяғымды байлады,
Байлауымды кес, Алла!
Ағаш үйге өрт тиді,
Қайтіп қазақ көктейді?
Шыңғырғаны бес қыздың,
Құлағымнан кетпейді...
Алла!..
Пейішіңде шалқысын,
Періштедей бал құсым.
Кешіре гөр, кеш, бізді,
Осы сөзді жазуға,
Келді Алла, бар күшім.
Мұнайдар БАЛМОЛДА
***
ШАПАҒАТШЫ
...Бұл қоғамның ұнамады-ау бір ісі,
(шер шөлмегін босата алар кім ішіп?!)
Бес Періште - жасыл қанат бес Сәби,
Көкке ұшып кете барды түн іші.
Үркер қайда -
Төбеде ме?
Батыста?
Не жорамал - бүк түсіп бұл жатысқа?!
Кете барды бес Періште - бес Сәби,
Қала алмады жалын қамап,
От ұстап.
Жыла, жүрек,
Жүде, көңіл, оязып,
Берер ме екен Күн емшегін,
Ай азық?
Ұстап қала алмады ғой арқаның
Ақ шалмалы аязы.
Енді оралмас,
Мекен болмас кір ғалам -
Мың бояулы дүниесін бұлдаған.
Еске салып егілтеді біздерді,
Күл орнына өскен райxан гүл ғана.
Даңғазаға бұрмас қайта мойынын,
Еліктірмес "Үйшік-үйшік" ойыны.
Терезеден жаутаң қағып жанарлар,
Тас қаладан іздемейді мейірім...
Азам -ауыр,
Қайғым - қалың,
Ой - терең,
Бірақ бізді түсінбейсің, БӘЙТЕРЕК...
Бұтағыңа қонақтайтын балапан,
Аспанға ауып кете барса қайтер ең?!
Жұмақ кірер -
Сарай,
Хауыз,
Кіл шағыи,
Ертегілер әлеміндей тұмса күй.
...алақанын жайып маған талпынып,
Түсімде ылғи өртенеді бір Сәби.
Мен де мұңды,
Туған өлкем жырақта,
Қанша тағдыр тамұқ кешіп, жүр отта.
Сол Сәбиді кеудеме әкеп арулап,
Жуындырам көзден аққан бұлаққа...
Бес Періште тәмамдалмас сапары,
Шырақ жағып жүрер түнге от алып.
...Шапағатшы болсын саған Сәбилер,
Менің сорлы,
Менің ұлы Отаным!
Мұрат ШАЙМАРАН