Қазалыда «Эксклюзив» сауда үйі ашылды
Қазалы ауданында тағы бір кәсіпкерлік нысан жұмысын бастады, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz ақпараттық агенттігі.
«Exclusive» сауда үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты. Қ.Пірімов көшесінің бойында ашылған сауда үйінің ашылуында аудан басшысы кәсіпкерлік саласының дамып жатқанына тоқталып, кәсіпкердің жұмысына сәттілік тіледі.
Бүгінгі күні келушілерге есігін айқара ашқан «Exclusive» сауда үйінде ұлттық нақыштағы киімдер, перделер бұйымдар арнайы тігін машинасымен тігілетін болады. Сауда үйінде перде, жалюз, мата және ұлттық нақыштағы киімдер сатылады.
Жеке кәсіпкер Ғалия Төребекова сауда үйін іске қосу мақсатында «Қазақстан Халық Банкі» АҚ мен микроқаржылық ұйымның көмегіне жүгінгенін айтады. Сауда үйінде 8 адам тұрақты жұмыспен қамтылып, халыққа сапалы қызмет көрсетіледі.