Қызылордада ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты артты
Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласынан экспортқа шығатын өнім түрлері жылдан-жылға артып келеді. Қазір олардың саны 15-ке жетті, деп хабарлайды Kyzylordada-news.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«2015 жылы Сыр өңірінен балық, күріш, кебектен басқа өнім түрлері шетелге шықпайтын. Былтыр жергілікті шаруалар мақсары майы, күнбағыс, рапс тұқымдары, картоп, қызанақ, қарбыз, қауын, өсімдік шырындары, жемдік дақылдар секілді ауыл шаруашылығы өнімдері шетелдік тұтынушыларына жол тартты», - деді Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Сейілбек Нұрымбетов.
Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 23,9 млн. АҚШ долларына жетті. Оның ішінде өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі 97,7 пайызды құрады.
Қазіргі таңда өнімдер Ресей, Қытай, Иран, Моңғолия, Түркия, Ауғанстан секілді мемлекеттерге экспортталуда. 2016 жылдан бастап бақша өнімдерін Ресей нарығына шығару жолға қойылса, 2017 жылы Иран, БАӘ және Моңғолияға көкөністер мен мал экспорттау басталды. 2018 жылы алғаш рет мақсары майы Қытайға жөнелтілді.