2020 жылдан бастап жеке тұлғалардың табысын декларациялау енгізіледі
Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының Салық және Кеден кодексінің 2019 жылдан қолданысқа енетін нормаларын, жаңа толықтырулар мен өзгерістерін түсіндіруге арналған семинар өткізді, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2018 жылдың 05 қазанында жасаған халыққа Жолдауының негізгі қағидатын «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі басты басымдыққа айналуға тиіс» деп түйіндеген болатын.
«Ең төменгі жалақы көлемінің 28 мыңнан 42 мыңға көтерілуі», «қолма қол ақшасыз экономикаға бет бұру, яғни бизнестің қолма қол ақшасыз есеп айырысуын қолдау», «салықтан қарызының негізгі сомасы төленген жағдайда, өсім мен айыппұлды алып тастай отырып, шағын және орта бизнес үшін салық амнистиясын жүргізу» сияқты Жолдауда белгіленген тапсырмалардың негізінде Салық кодексіне де өзгерістер енгізілді. «Салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелердің интеграциясын аяқтау» міндеті аясында мемлекеттік кірістер органдары жаңа бағдарламалармен жұмыс жасай бастады.
Жыл сайынғы, сатылап енгізіліп келе жатқан жаңалықтар, түптеп келгенде, адал салықтөлеушінің мүддесін қорғайды. Ынталы салықтөлеушіге бақылау азаяды, салық және кеден органдары қызметкерлерімен қарым-қатынас жойылып, жеңілдіктер қарастырылады.
2020 жылдан бастап жеке тұлғалардың табысын декларациялау енгізіледі (71 Тарау). Осындай үлкен өзгерістерге дайындық, халықаралық нормалар мен стандарттарға жетуге бейімделу қазірден басталады. Электронды шот-фактура, виртуалды қойма, онлайн бақылау-касса машиналары, көлденең мониторинг, тәуекелдер санаты, тауарларды таңбалау т.б. жаңа талаптар – бүгінгі цифрландыру кезеңінің талабы.
Спикерлер электронды шот-фактура жазу міндеттілігін, қосымша құн салығын қайтарудың жаңа тетіктерін, шағын және орта бизнеске арналған салықтық амнистияның жүргізілу тәртібін, бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші тұлғалар мәртебесі мен оның тәртібін, салықтөлеушілерді тәуекел санаттарына жатқызу шарттарын жете түсіндірді. Сонымен қатар, кедендік бақылау бағытындағы жаңа талаптар мен жеке табыс алығын есептеудегі, онлайн бақылау-касса машиналарын қолданудағы жаңа ережелер туралы хабарламалар тыңдалды.
Қатысушылар белсенді талқылаушы бола алды, әрбір сұраққа түсінікті, мәнді жауап алды. Семинар жұмысына облыстық Кәсіпкерлер палатасының, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Табысты болғысы келетін кәсіпкер, ең алдымен, заңдылыққа сүйенеді. Өз құқығын білген жан ғана өз талаптарын қоя алады. Кезекті семинар осы қарапайым қағиданы жеткізе алды. Жаңалықтармен танысқан қатысушылар ризашылықтарын білдірді.