3 ақпан: атаулы күндер мен оқиғалар
1925 жылы «Жас қайрат» апталық газетінің алғашқы саны жарық көрді. Бастапқыда Орынборда, кейін Қызылордада шыққан басылымның таралымы 2000 дананы құраған. «Соңғы жетінің ішінде» айдарында шет елдердегі, Кеңес одағындағы жаңалықтармен таныстырса, «Қазақстан жастары» бөлімінде жергілікті ұйым өмірін, жеке жастардың талап-тілектерін жариялап тұрған. «Тәні саудың - жаны сау» айдарымен дәрігерлік кеңестер, спорт жөніндегі материалдар беріп отырған. Қаржы тапшылығына байланысты басылым 1926 жылы қазанның 30-ында 57-ші саны жарық көргеннен кейін тоқтаған.
1992 жылы Алматы қаласында АҚШ елшілігі ашылды. 150 жыл бұрын (1863) 27-і жасар журналист Сэмюэл Ленгхорн Клеменс Американың Невада штатындағы Вирджиния-Сити қаласы газетінде жарияланған сапар туралы өзінің әзіл әңгімесінің соңына Марк Твен деген бүркеншік атпен қол қойды. Екі жылдан кейін бұл есім бүкіл Америкаға, кейіннен әлемге танымал болды. Жазушы жас кезінде Миссисипи өзенінде лоцман болған, ал қайықшылар арасында «Марк Твен» ұғымы өзендегі судың кеме жүзуі үшін қауіпсіз деңгейі дегенді білдіреді.
2005 жылы Алматыда Қазақстан-Американ талдау және болжау институты құрылды. Мұндағы басты мақсат - Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланысты кеңейту. Институт еліміздің қазіргі таңдағы қоғамдық-саяси жағдайына талдау жасаумен айналысады. Институтты шетелдік ұйымдар қаржыландырады.
2007 жылы Алматыда қазақ киносының алғашқы коллекциялық жинағының таныстырылымы өтті. Оны «ТұранӘлем Банкінің» қолдауымен «Kazakh Cinema Distribution» компаниясы шығарған. Бұл жинаққа қазақ киносының әр кезеңде жарық көрген 30 фильмі топтастырылған. Олардың ішінде «Амангелді», «Қыз Жібек», «Транссібір экспресі», «Менің атым Қожа», «Сұлтан Бейбарыс», «Балкон» «Даладағы қуғын», «Алпамыс мектепке барады», «Ине», «Айналайын», «Кардиограмма», «Заманай», «Мәншүк туралы аңыз» және «Ботакөз» сияқты фильмдер бар.
2009 жылы Павлодар облысында «Қозыкеткен» ауылының 100 жылдық мерейтойына арналған кітап шықты. Петр Шанцев өзінің кітабін «Село родное» деп атады, ол Қозыкеткен ауылын 35 жыл бойы басқарған. Басылым беттерінде өзінің және әріптестерінің басынан өткен оқиғалары орын алған. П.Шанцевтің кітабы ақсақалдардың әңгімелерімен, отбасылық мұрағаттан алынған мәліметтерінен тұрады, танымал жерлестерінің мерекедегі және жұмыс күндердегі суреттері де бар. Ауылдың жүзжылдық тарихы қоныс аударушылардан басталады, олар ақсақалдармен бірге соғыс кезіндегі қиыншылықтарды, 90-жылдардағы дағдарыста шаруашылықты бірге көтерді.
2006 жылы Қарағанды қаласындағы «ЭкоМұражай» қоғамдық бірлестігі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Семей полигонының алғашқы картасы баспадан шығарылды. Картада әкімшілік шекаралардың, елді мекендердің, өзендер мен жолдардың көрсетілуімен қоса, пайдалануға қауіпті радиоактивті ластанған жер телімдері де белгіленген. Бұл жоба ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы миссиясы, Голландияның HIVOS қоры сияқты халықаралық ұйымдардың көмегімен іске асырылды. Жобаға Радиациялық қорғау және экология жөніндегі ұлттық форум қоғамдық ұйымы бастамашылық жасады.
2010 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Ядролық қауіпсіздік туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық апат туралы жедел хабарлау жөніндегі конвенцияны ратификациялау туралы», «Ядролық апат жағдайындағы немесе радиациялық апат жағдайындағы көмек туралы конвенцияны ратификациялау туралы», «Пайдаланылған отынмен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу қауіпсіздігі туралы біріктірілген конвенцияны ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарына қол қойды.