Ауыл шаруашылығында өсім бар
Қазалы ауданында өткен жылы ауыл шаруашылығына тартылған негізгі инвестиция көлемі 543 млн. теңгені құрады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге артық, деп хабарлайды oldkaz.kyzylorda-news.kz.
Қазалы ауданы халқының негізгі тіршілігі егін және мал шаруашылығы. Өткен жылы ата кәсіпті өркендетіп, дамыту жолында да біршама жұмыс істелді.
Бұл салада 2018 жылы 11 млрд. 498 млн. теңге көлемінде өнім өндіріліп, салаға 1 млрд. теңгеден астам субсидия төленді.
«Былтыр 17790 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Негізгі дақылымыз - 6480 гектар күріштің әр гектарынан 44,3 центнерден өнім жиналып, ел қамбасына 28 мың тоннадан астам астық құйылды.
Биылғы жылы ауылшаруашылығы дақылдарын 17 700 гектар жерге орналастыру жоспарымыз бар. Сондай-ақ, өткен жылы 1050 гектар жерге бақша дақылдары егіліп, 14428 тонна өнім алынды. Өткен жылы 300 гектар жерге картоп егілді. Оның ішінде 17 гектары алғаш рет өндірістік негізде егіліп, жоғары өнім алынды. 1 шаруа қожалығы 5 гектар жерге алма, алмұрт дақылдарының көшеттерін отырғызды», - дейді аудан әкімі Мұрат Ергешбаев.
Сонымен қатар аудан әкімінің айтуынша шаруашылықтардың машина трактор паркі 14 дана ауыл шаруашылығы техникалары және жабдықтарымен жаңаланған. Былтыр аудандық бюджеттен 38,0 млн. теңге бөліп, 4 ауылдық округке 12 дана ауылшаруашылығы техникалары мен жабдықтары, 76 млн. теңгеге 8 ауылдық округке насос алынып берілді.